Ресей аннексиялаған, мойындалмаған "ЛХР-дің" халық милициясына қарасты жетінші мотоатқыштар ротасының командирі Виктор Севальнев соғысқысы келмейтінін, ол үшін атып тастауы мүмкін екенін айтқан соң Украина жерінде қаза болған,деп хабарлайды Taulik.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Бұл жөнінде The Insider басылымы құқық қорғаушы Gulagu.net жобасы редакциясының басшысы Владимир Осечкин берген құжаттарға сүйеніп
жазды.
Украинаға аттанғанға дейін Севальнев Калуга облысының түрмесінде жазасын өтеу үшін отырған. Жекеменшік "Вагнер" әскери тобының өкілдері тұтқындарды әскерге тарту үшін бұл колонияға бірнеше рет барып, үгіт жүргізген. Осылайша әуелі Севальневтың ұлы Олегті тартқан, ол да түрмеде отырған. Кейін ұрыс қимылдары кезінде Олег оққа ұшқан. Сонан соң Севальневтің өзі Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасып, соғысқа кеткен, оны "Луганск халық республикасының" 08807 әскери бөліміне жіберген. Қараша айындағы ұрыста Севальневтің ротасы үлкен шығынға ұшыраған, тірі қалғандары қашып кеткен.
Владимир Осечкиннің айтуынша, 20 қарашада Виктор Севальнев әйелі Лилияға телефон соғып, өзін ауруханадан алып шыққалы жатқанын, рота солдаттары қашып кеткендіктен ататынын айтқан. Құқық қорғаушы бұл әңгіменің аудиожазбасын The Insider басылымына тапсырған. Жазбада Севальнев "кейін қайтқысы келетінін", бірақ "Қорғаныс министрлігі адамдарды атып жатқанын" айтқан.
"Мұнда адамдарды жібермеңдер. Олар бәрін өлтіреді", - бұл Севальневтің әйеліне жазған соңғы сөзі.
Арада он күн өткен соң Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі Лилия Севальневаға хабарласып, күйеуінің Донецк облысында жарақаттан өлгенін, көп ұзамай денесі мен құжаттарын жіберетінін айтқан. Владимир Осечкиннің ойынша, Севальневті қарамағындағылар қашып кеткендіктен өлтіріп тастаған болуы мүмкін.