Мектептердің бірінде мұғалім діни сабақ өткізген. Әлеуметтік желіде кеңінен тараған видео қай жерде түсірілгені анықталды, деп хабарлайды Taulik.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Видеоны Алматыдағы №176 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі түсірген. Сосын WhatsApp мессенджері арқылы ата-аналар чатына жіберген. Артынан мұғалімнің видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. WhatsApp қолданушылары да оны жан-жақты таратқан.
Алматы қалалық білім басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, мұғалім осы мектепте 2009 жылдан бері жұмыс істейді.
"Мұғалімнің айтуынша, бұл діни тақырыпты сабақ басталмай тұрып, 15 минут бұрын өткізген. Кейін WhatsApp мессенджеріндегі ата-аналар чатына жүктеген және өз статусына салған. Мұндай жағдай бір рет қана тіркелген. Осы жағдайға байланысты білім басқармасы тарапынан комиссия құрылып, мұғаліммен түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - дейді басқарма мамандары.
Қазіргі кезде мұғалім өз еркімен жұмыстан шықты. Ал мектеп әкімшілігіне қатысты шаралар қабылданды. Осы орайда басқарма Қазақстан зайырлы мемлекет екенін, ал мектептерде соған сай білім берілетінін ерекше атап өтті.
"Білім беру ұйымдарында мұғалімдер тек мемлекеттік білім беру стандарты мен бекітілген бағдарламалар аясында ғана сабақ өткізуге міндетті. Оқу орындарының қабырғаларында қандай да бір басқа іс-шараларды өткізуге тыйым салынады", - деп атап өтті мамандар.
Taulik.kz