– Балам бұрын орыс тілі сабағынан жақсы болатын. Мұғалімі ауысқаннан кейін бұл сабаққа барғысы келмей қалды. Апайының ұрыса беретінін айтты. «Ештеңе етпейді, апайыңмен достасып ал» деп аса мән бермедік. Өткен аптада балам орыс тілі сабағына енді қатыспайтынын айтты. «Маған апайдың не істегенін білесің бе? Балалардың көзінше шашымнан тартып, бантик тақты. Маған бәрі күлді. Жылағым келді…» деді. Үндей алмай қалдым,- дейді оқушының анасы.Мектепке баласының сөзін жеткізіп, жағдайды сұраған анасынан мұғалімі кешірім сұрайды. Мектеп басшылығы білім ордасында мұндай жағдайдың бірінші рет тіркелгенін, мұғалімнің басқа жақтан келген маман екенін айтады.
– Үйге келгеннен кейін танысымнан сабақ кезіндегі видео келді. Оқушылардың бірі түсіріп алған. Оны көргенде аяқ-қолым дірілдеп кетті. Ондай сұмдық болды деп ойламаппын. Тақтаның алдында баланың шашын күштеп тартып тұрған, бантик таққаны видеода бар. Суретте де баланың шашын тартып, тақтаға жақындатып тұрғаны көрінеді. Ол кісі әрі қарай мұғалім болмай-ақ қойсын. Статьямен жұмыстан шығаруды сұрадым, – дейді оқушының анасы.Ал Ақтөбе облыстық білім басқармасы оқушының шашынан жұлқылаған мұғалімнің өз еркімен арыз жазып, жұмыстан кеткенін хабарлады.
– Мәселе белгілі болғаннан кейін ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды. Балалардың тәртібі, мұғалім мәселесі қаралды. Аудандық білім бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілді. 9 желтоқсан күні пән мұғалімі өз еркімен жұмыстан шыққан, – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Taulik.kz