Павлодарда бес бөлмелі пәтер толығымен жанып кетті. Жалын көрші үйге тарап, бір бала көз жұмды, тағы зардап шеккендер бар, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Сағат 01:03-те 101 пультіне Алтайская көшесі, 9/2 мекенжайында төрт пәтерлі жатақханадан өрт шыққаны туралы хабар түсті», - деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінен.
Бес бөлмелі пәтер толығымен өртеніп, шатыры опырылып түсті.
Екі бөлмелі пәтердің іргелес қабырғалары, жалпы ауданы 150 шаршы метрді құрайтын шатырдың ағаш конструкциялары жартылай опырылған.
«Пәтердегі өртті сөндіру кезінде 2016 жылы туған ұл баланың денесі табылды. Өрт сөндірушілер 3-ші пәтерден екі 50 литрлік газ баллоны мен 4-ші пәтерден бір 50 литрлік газ баллонын шығарды», - деп толықтырды ТЖД.
Оқиға салдарынан зардап шеккен 1983 жылы туған әйел бірінші қалалық ауруханаға, ал 1962 жылғы үй иесі облыстық ауруханаға жеткізілді.
Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері зардап шеккен тағы бір адамды тексерді. Ол ауруханаға жатқызылған жоқ.
«Жалын сағат 02:06-да ауыздықталып, 03:01-де толық сөндірілді. Өрттің шығу себебі, келген шығын анықталып жатыр. Өртті сөндіруге 40 өрт сөндіруші мен 9 техника жұмылдырылды», - деп хабарлады ведомстводан.