Заңгер, ұлттық кеңес мүшесі Айгүл Орынбек Шымкент қалалық полиция департаментіндегі «заңсыз әрекеттер туралы жазғаннан соң» ішкі істер министрлігі отбасына қысым жасай бастағанын мәлімдеді. Ол мұны әлеуметтік парақшаларына жариялады, деп хабарлайды taulik.kz orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Шымкент қалалық полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция полкінің инспекторы, полиция аға лейтенанты болып жұмыс істейтін туған сіңлісінің күйеуіне екі айдан бері психологиялық қысым көрсетіліп, жұмыстан шығарылған.
Бұл туралы күйеу балам маған осы күнге дейін айтпаған. Мысалы, ережені бұзған адамға айыппұл төлеу туралы хаттама толтырған. Толтырған хаттама дұрыс болса да, бұрыс деген. Полкта әріптестерінің көзінше шығарып, басшылық ар-намысына тиген. Ол туралы басқа полицейлерден естідім. «Полицейлердің шағымын айтқаныңыз үшін күйеу балаңыз жауап беріп жатыр» дейді сондағы жігіттер. Күйеу баламнан сұрасам, бәрі дұрыс деді. Енді бүгін жұмыста жүрсе басшылық шақырып, видеоға түсірілмесе де «белдік тақпаған адамға» хаттама толтырмадың, айыппұл салмадың деген желеумен жұмыстан босатыпты. Сіңілім хабарласып, «сіздің кесіріңіз» дейді. Менің жазбаларыма отбасынан бөлек тұратын сіңілімнің күйеуінің не қатысы бар? – дейді заңгер.
Заңгер бұл ішкі істер министрлігінің «тырнақ астынан кір іздеуі» деп бағалайды. Ол жақында республикалық телеарналардың біріне шақырылып, министрлікке полицейлер шағымын жеткізбек болған. Бірақ министрлік Айгүл Орынбектің бағдарламаға қатысатынын білген соң қатысудан бас тартқан.
Отбасымды менің қоғамдық жұмысыма араластыруға қарсымын. Сол үшін қазір қарабет болып отырмын. Полициядағы заңсыз әрекеттер туралы жазып жүргеніме екі жылға жуықтады. Кейіннен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жазбаларымды растап, қызметкерлерді пара алу кезінде ұстады. Отбасыма қысым көрсетсе, үндемей қалуым керек деп санайды. Бұл – Кеңес үкіметі кезінен келе жатқан әдіс. Соны қолданып отыр, – дейді ол.
Айгүл Орынбектің мәлімдемесіне байланысты Orda.kz қалалық полиция департаментіне ресми хат жолдады.
Бұдан бұрын Шымкентте патрульдік полиция полкінің екі ротасынан ондаған қызметкер президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, көмек сұраған. Олар «басшыларына пара беруге мәжбүр болғанын» сол үшін жұмыстан шығып қалу қаупі туғанын мәлімдеген. Заңгер полицейлердің үндеуін әлеуметтік парақшаларында жариялаған. Бұл қоғамда талқыға түсті. Артынан полицейлерге қысым жасалғаны хабарланған.
Шымкент қалалық полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция полкінің басшысы Данияр Мейірхан әріптестерінің үндеуіне пікір білдірген. Ол үндеу жасаған инспекторлардың барлығына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметкерлері Қылмыстық кодекстің «Пара беру» бабымен іс қозғағанын, тергеу жүріп жатқанын, соған сай шешім қабылданатынын жеткізген.