Бұл туралы заңгер, «Желтоқсан-86» бірлестігі төрағасының орынбасары Әлібек Алмабаев мәлімдеді, деп хабарлайды taulik.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Ловягинаға қатысты қылмыстық іс Сандықтау аудандық сотымен қозғалды. Қарау онлайн форматта болады. Кімдер осы іс бойынша куә болуға дайын. Осында аты-жөндеріңізді және жеке телефон көрсетсеңіздер», - деп жазды Әлібек Алмабаев.
Еске сала кетейік, «Желтоқсан-86» бірлестігі желтоқсаншыларды лаңкеске теңеген шенеунікті бұған дейін сотқа берген еді. Оның алдында «Аманат» партиясының Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы филиалының төрайымы Лариса Ловягина «1986 жылы 16 желтоқсанда Алматыдағы көтеріліс кезінде көшеге шыққандардың барлығы террорист болған» деп сөйлеген. Шенеуніктің бұл сөзін әлемжеліге алғаш Жеңіс Оспанов атты азамат таратты.
Арада бір күннен кейін Ловягинаның кінәсін мойындап, кешірім сұраған видеосы тарады.
«Кешірім сұраймын. Эмоция қосып сөйлегеніме өкінемін. Мен Қазақстанда туып-өстім. Осы жерде менің балаларым өсіп жетілді. Қазақстанды, Отанымды сүйемін. Осы елде өмір сүремін», - деп ақталады Ловягина.
Кейін Ловягинаның қызметінен босатылғаны туралы мәлімет тарады.