Ақтөбеде өлі табылған 4 жасар балаға қатысты тың мәлімет шықты

Ақтөбеде өлі табылған 4 жасар балаға қатысты тың мәлімет шықты

ашық дереккөзі

Жұмбақ жағдайда мерт болған Данил Ахунов – үшемдердің бірі. Бүгін ақтөбеліктер баламен қоштасып, ол тәрбиеленген сәбилер үйіне Жаңа жылдық тәтті сыйлықтар мен ойыншықтар әкеліп жатыр, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Ақтөбе қаласында 28 желтоқсан күні Данил Ахунов жоғалып, ол туралы баланың әкесі хабарлама берді. Ал бүгін оның мерт болғаны, осы оқиға бойынша іс қозғалғаны белгілі болды. Оның денесінде зорлық белгісі бар. Бүгін еріктілер бастап, үшемдер біраз уақыт тәрбиеленген сәбилер үйіне қоштасу бұрышы ашылды.

«28 желтоқсан күні әлеуметтік желі арқылы бала жоғалғанын естіп, екі күн бойы жақсы хабар күттім. Көршілері көрді ме, балалармен ойнап кетті ме деп ойладым. Кеше де түні бойы жақсы жаңалықтан үмітімді үзбедім. Таңертең көзімді ашқан бойда еріктілердің парақшасын қарадым. Суық хабар келді. Өз-өзімді ұстай алмай қалдым. Ақтық сапарына қоштасу бұрышын ұйымдастырған соң қаланың ескі бөлігінен келіп тұрмын. Бала үшін ең қауіпсіз орын ата-анасының құшағы еді, бірақ бұл жолы олай болмады. Қаншама отбасы бала күтіп, армандап жүр. Ал бұл отбасы қорғай алмады. Балалар жылы көп қайғылы оқиға болды. Әлеуметтік қызмет, ювеналды полиция, учаскелік полиция, учаскелік дәрігерлер бәрін қарауы керек еді. Үшемдер отбасын осал топқа жатқызады екен. Арнайы сала қызметі осыны бақылай алмады», - деді аты-жөнін айтудан бас тартқан ақтөбелік әйел.
Айта кетейік, сәбилер үйі әзірге қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Белгілісі Максим, Данил, Милана осында біраз уақыт тәрбиеленген. Кейін оларды өз туған әкесі тәрбиелеуге алып кеткен. Ал еріктілер тобының жетекшісі Екатерина Голотинаның айтуынша, олар бұл отбасына үнемі көмектесіп жүрген. Бала жоғалғанда да іздеу жұмыстарын полициямен қатар жүргізді.

Loading...