Семейде жаңа жыл қарсаңында қайғылы оқиға болды. Анасы қызымен бірге газдан уланып, көз жұмды, деп хабарлайды taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап. Қайғылы жағдай өткен жылдың 29 желтоқсанынан 30-ына қараған түні болған. 30 желтоқсанда сағат 11:00-де полицияға Ильяшев, 114 мекенжайында тұратын әйел есік ашпай, қоңырауларға жауап бермей жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына келген құтқарушылар екінші қабатқа саты арқылы көтеріліп, 7-пәтерден жағдайы ауыр 50 жастағы әйел мен оның қайтыс болған 11 жасар қызын тауып алды. 4 қаңтарда қыз бала 12 жасқа толар еді. Әйел адам ауруханаға жеткізілді. ТЖД мәліметінше, қайғылы оқиғаға пеш ақауы себеп болған.
«1 қаңтарда 1-қабатта тұратын көршіміздің пеш жаққаны анықталды.Түтін екінші қабаттағы 7 және 8-пәтерлерге тараған. 8-пәтерде үш кішкенай баламен мен тұрамын. Ең кішкентайым 5 айлық. Үшеуі де жеңіл уланғаны белгілі болды», – дейді аман қалған көрші әйел.Көршілер осы оқиғадан кейін полиция мен ТЖД қызметкерлерін шақырғанмен, ведомстволар тарапынан ешқандай шара қолданылмаған.
«2 қаңтарда сол жағдай қайталанды. Бірінші қабатта пешінің ақауын жоймай отырған әйел тұрады. Екі қабатты тұрғын үйде мұржа екінші қабат арқылы өтеді. Сондықтан газ екінші қабатқа тарайды. Оны бірнеше рет жауапқа тартқанмен, нәтиже болмай отыр», – дейді көршісі.Қазіргі уақытта қорқып қалған әйел 3 баласымен таныстарына көшіп кеткен.
«Біз не істеуіміз керек? Қайда жүгіну керек? Күйіп қаламыз ба деп қорқып, үйге бара алмаймыз. Осы 4 күн ішінде учаскелік полиция, ТЖД да мән-жай анықталғанға дейін пәтерлерге мөр басқан жоқ. Құтқарушылар бізге түсіндірме әңгіме айтып, әкімдікке барыңыздар деді», – деп қынжылады Семей тұрғыны.