Ақтөбе облысында ерлі-зайыпты 18 бала асырап алған

Ақтөбе облысында ерлі-зайыпты 18 бала асырап алған

ашық дереккөзі

Ақтөбе облысында қамқоршысыз қалған 18 баланы бауырына басқан қайырымды жандар жұрттың ықыласына бөленді, деп хабарлайды Taulik.kz 24.kz-ге сілтеме жасап. Саналы ғұмырын музыкаға арнаған Жетесовтер әулеті енді бүлдіршіндерді де өнерге баулып жатыр. Балалардың шығармашылық қырын танытып, жан-жақты қабілетін ашқандар қазіргі уақытта Сарыағаш шипажайында. Отағасы Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанова алғаш рет 2009 жылы бала асырап алған. Қазір Ақтөбе облысы бойынша ең үлкен отбасыға айналған. "Мен өзім 6 жасымда жетім қалған жігітпін. Шешем марқұм 37 жасында қайтыс болып кетті. Содан жолдасым екеуміз келісіп, сол балаларды өнерге, өмірге тәрбиелеп жатырмыз. 10% талант, 90 % еңбек деген. Сол балаларды еңбекпен өсіріп келе жатырмыз", - дейді Өмірхан Жетесов. Қазіргі уақытта отбасындағы әрбір жан ұлттық аспаптарда еркін ойнай алады. Бірі шаңқобыз, енді бірі жетігенді шебер меңгерген. Ата-аналары дәстүрлі ән айтумен айналысатын болғандықтан балаларына да осы өнерді сіңірген. Соның арқасында аймақтарды аралап, түрлі байқауларда топ жарып жүр. "Мен домбыра тартамын. Домбырада жыр, дәстүрлі ән-күй тартамын. 8 жасымнан бастап тартып бастадым. Болашақта арманым жыршы болу. Көптеген сайыстарға қатысу", дейді Темірхан Жетесов. Балалар үйі еш уақытта отбасының орнын баса алмайды. Отанасы Алмагүл Ешпанова осындай пікірде. Сондықтан ата-ана жылулығына зәру жандарды бауырына басып, қамқорлық көрсетуді құп көрді. "21 баласы бар ана болып Ақтөбеде тұрып жатырмын. Оның 18-ін бауырға бастым. Балаларымның бәрі керемет. Өнерге тәрбиеледік. Өмірге тәрбиеледік. Әйтеуір біздер болмасақ, басқа да қазақ жұрты болмаса бұл балаларға кім қарайды!?", - дейді Алмагүл Ешпанова. Осылайша үлкенге ізетін, кішіге ілтипатын аямайтын жандар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Балалардың алды үйленіп, тұрмыс құрса, кішісі 10 жаста.

Loading...