Қаңтар оқиғасы кезінде Мәсімовтің қандай бұйрық бергені анықталды

Қаңтар оқиғасы кезінде Мәсімовтің қандай бұйрық бергені анықталды

ашық дереккөзі

Бас прокурор Берік Асылов ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Әнуар Садықұловтың ҰҚК департаменттерінің ғимараттарын тастап кету туралы бұйрық бергенін айтты, - деп хабарлайды Taulik.kz. «Аймақтық құқық қорғау органдары басшыларының қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілеріне жеке тоқталып өтейін.Тәртіпсіздіктің ең қызған шағында Алматы және Қызылорда облыстары ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы түгел дерлік өз ғимараттарын тастап кеткен. Тергеу мәліметтері бойынша, 5 қаңтарда ҰҚК төрағасының орынбасары Садықұловтан жеке құрамның ғимараттан шығуға дайындығы туралы жазбаша бұйрық келіп түскен. Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысындағы ҰҚК ғимараттарын тастап кетуге бұйрық берілген. Сондай-ақ, басшылықтың пәрменімен Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің ғимараттары қараусыз қалды», - деді Асылов Мәжіліс отырысында. Ол бұл басшылардың әлсіздік танытқанын мәлімдеді. "Нәтижесінде тәртіпсіздікті басу үшін дер кезінде шаралар қабылданбады. Алматы мен Талдықорған екі күн бойы толығымен қарулы қарақшылардың қолында болды. Олардың қолына тұтас арсенал түсті – 3 мыңға жуық пулемет, тапанша, снайперлік винтовка және он мыңдаған оқ-дәрі. Яғни, осы басшылардың кінәсінен қаскөйлер ең қауіпті қарумен қаруланды"- деп түсіндірді Асылов. Ол 2 мыңға жуық қарудың қайда екені әлі белгісіз екенін айтты. "Арнайы прокурорлардың қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілері бойынша тергеу аяқталды. ҰҚК үш облыстық департаментінің, Алматы облысының полиция департаментінің бұрынғы басшыларына және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істер сотқа жіберілді. Сот процестері жүріп жатыр.Олардың кінәсінің дәрежесін және жазалау шарасын сот анықтайды", - деді ол.

Loading...