Талғар ауданында бұрынғы жігіті қатты соққыға жыққан бойжеткен ауруханаға түсті. Бұл туралы құқық қорғаушы Дина Таңсарі instagram парақшасында хабарлады.
«2023 жылдың 3 қаңтарында сағат 23:00 шамасында әпкемнің бұрынғы жігіті оны үйінен алып кетіп, «Біздің байланысымызды айтсаң әке-шешең мен әпкелеріңді өлтіремін» деп қорқытып, қала сыртына алып кеткен. Алатау тас жолының бойында көлікте оны ұрып-соғып, дене жарақатын салып, мұрнын сындырып, бетін пышақпен тіліп, шешіндіріп, өміріне қастандық жасаған. Сосын жұрт оған не істегенін көруі үшін телефонын тартып алып, ұрып-соққан видеосын оның іnstagram парақшасына жүктеген. Біз барлығын сол жерден біліп, 102 нөміріне түңгі 01:30-да патрульдік полицияға қоңырау шалдық», - дейді туыстары.
Жігіт қызды түнгі 02:00-03-00-тер шамасында үйіне жеткізбей тастап, қашып кеткен. Оның жағдайын көрген туыстары жедел жәрдем шақырған.
«Жедел жәрдем келіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті, патрульдік полиция оны іздеуге шықты. Әпкем облыстық Талғар ауруханасына жатқызылды. Біз ауруханада болғанымызда тергеушілер арыз түсіруге келді. Бүгін, 2023 жылдың 4 қаңтарында таңертең қылмыскер ұсталды, қазір Талғар ауданының полициясында қылмыстық іс қозғалып жатыр», - дейді туыстары.
Талғар аудандық полициясы жарақат алған қыздың қазір стационарлық ем қабылдап жатқан медициналық мекемеде екенін растады.
"Күдікті 2001 жылы туған О. ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мән-жайды анықтау полиция қызметкерлеріне жүктелді. Тергеу барысында Қазақстан заңнамасына сәйкес барлық қажетті сараптамалық зерттеулер жүргізіледі. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталады. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысы Полиция департаментінің басшылығының бақылауына алынды», - делінген полиция хабарламасында.