Қазақстандықтар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады, деп хабарлайды taulik.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат депутаттары 2022 жылғы 29 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңды мақұлдады.
Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды.
Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борышкер мыналарды білгені дұрыс:
- 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады (ломбард тардың микрокредиттерін алуды қоспағанда );
- қайта банкроттық болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады;
- банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетін болады.