КСРО-ның қайта орнауына деген сағыныштарын баса алмай жүрген ресейліктердің үлесі соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті, деп хабарлайды taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап.
Сталинизм мен байырғы империялық қуатты идеал етіп көрсететін мемлекеттік насихаттың шылауына шырмалған Ресей қоғамы Кеңес Одағын жүректері сыздай отырып аңсауды жалғастырып келеді. Ресейде КСРО-ның тарап кеткеніне өкініш білдіретін азаматтардың үлесі 2022 жылғы желтоқсанда 63 пайызға дейін жетті, – делінген хабарламада.«Общественное мнение» қоры жүргізген сауалдама осындай нәтиже беріпті. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. 2011 жылдан бері Одақтың ыдырағанына өкініш білдіретіндер саны осылайша 12 пайызға өсіп кеткен. Ал 2001 жылы КСРО-ны аңсаған адамдар 76 пайыз болса, содан екі жыл бұрын, яғни 1999 жылы бұл деңгей 85 пайызға барып тірелген. Сол сияқты Одақтың тарағанына өкінбейтіндер де едәуір. Олардың қатары соңғы 16 жылда оншалықты көп ауытқып, өзгере қоймаған. Айталық, бұл жөніндегі көрсеткіш 2014 жылы 25 пайыз болса, 2006 жылы 26 пайыз болған еді. Ал былтырдан бері 22 пайыздың деңгейде тұр. Өткен өмірді аңсаушылық білдіргендердің көпшілігі оны КСРО-дағы тұрмыс жағдайымен емес, сол кез туралы жадтарында қалған жақсы естеліктермен байланыстырады. Олардың 16 пайызы «Кеңес кезеңі өздерінің жастық дәурені» екенін алға тартса, 11 пайызы «алаңсыз да тұрақты өмір» болғанын көбірек қаузайды, 7 пайызы мұны «жұмысқа» қатыстырса, 6 пайызы «халықтар бірлігі мен достығы» үшін құрметтейтінін айтқан.