Италияда қаза тапқан 27 жастағы қазақстандық ару Назарбаев Университетінің түлегі болған. Университет өкілдері Әсем Жарбосын туралы мәлімдеме жасап, оның отбасына көңіл айтты.
"Назарбаев Университеті» автономды білім беру ұйымының қауымдастығы 2023 жылдың 17 қаңтарында кешкісін Әсем Жарбосынның кенеттен және кездейсоқ қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл айтады", - деді университет өкілдері.
Ол NU-дың 2020 жылғы Химия және материалдар инженериясы магистратура бағдарламасының түлегі. 2021 жылы ол Италиядағы Салерно университетінің докторантурасына түсіп, Еуропаның тағы бес беделді университеті мен бес жетекші өнеркәсіптік компания қатысатын TUSAIL жобасының стипендиясының иегері болды. Ол бұл стипендияға NU магистратурасында оқып жүрген кезіндегі алғашқы зерттеулерінің нәтижелері үшін ие болған.
Powder Technology ғылыми топ құрамында Әсем Вороной тесселляциясын қолдана отырып, кеуекті электродтардың бұралу қабілетін зерттеді, сонымен қатар кең математикалық деректермен жұмыс істеді. Аз уақыт ішінде халықаралық журналдарда бірнеше ғылыми мақалалар жариялады. 2019 жылы ол Жапонияда өткен Токио халықаралық конференциясында ғылыми жобасын ұсынды, ол ғылыми-зерттеу және инновациялық әлеуетті дамыту (FRIP) студенттік жобалар байқауында жеңіске жеткен.
Әріптестері, зерттеушілер Әсемді ғылымға құмар, әлемге пайдалы зат ойлап табуды армандаған, ақкөңіл, жанашыр, өршіл жас әйел ретінде еске алады.
"Әсем - нәзік әрі ұялшақ, ерекше сұлу, сонымен бірге өте ақылды және талантты қыз болды, дарынды балаларға арналған мектепте оқыды, домбырада керемет ойнады. Әр ата-ана осындай баланы армандайды. Менімен бірге Әсем Еуразия ұлттық университетінің бакалавриат студенті болған кезінде, никель көбігінде графенді синтездеу бойынша дипломдық жұмысын аяқтады, сәтті қорғалғаннан кейін Назарбаев Университетінің магистратурасына түсіп, сәтті аяқтады. Әсем зерттеу жұмыстарында өте тиянақты болды, оның зертханалық жазбалары көркем туындыға ұқсайтын. Кейін мен оның жазбаларын барлығына үлгі етіп қойдым. Бұл бәріміз үшін өте үлкен қаза және адам сенгісі келмейтін қайғы. Барша туған-туыстарына көңіл айтып, бірге қайғырамыз, иманды болсын", – дейді National Laboratory Astana (NLA) жетекші ғылыми қызметкері Әлия Мұқанова.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 17 қаңтар күні кешке болған. Салерно университетінің 27 жастағы докторанты көшеден өтіп бара жатқанда, оны Меркато Сан-Северино қаласының 20 жастағы тұрғыны басқарған сұр түсті Peugeot 308 көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде қағып кеткен. Оқиға Станислао Листа көшесінде, Джузеппе Верди атындағы опера театрының жанында болды.