Астана сотының апелляциялық алқасы бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ісін қайта қарап жатыр. Сот отырысында Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко бірінші инстанцияның судьясы Ибрагим Әлкенов ескермеген жайттарды айтып берді, деп хабарлайды taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап.
«Тергеу Біртановтың Алексей Цойға платформаға қатысты қабылдау актісі немесе қосымша келісімдерге қол қою туралы тапсырма бермегенін көрсетті. Алайда судья Әлкенов бұл фактіні және Цойдың жауабын сот үкіміне қоспаған. (...) Сот келісімшарт бойынша сатып алушы жасаған бір де бір төлем сатып алушының платформаны қабылдап алғанын білдірмейтінін ескерген жоқ. Платформаны жеткізу және қабылдау орындалған жұмыс актілері арқылы емес, платформаны операциялық қабылдау сертификаты арқылы расталады. 2018 жылдың 11 желтоқсанында қол қойылған ағылшын тіліндегі бұл құжат сотта зерттелмеді. Судья Әлкенов келтірілген барлық дәлелді елемеді, себебі ол мақсатты түрде айыптау үкімін шығарды», - деді адвокат Дмитрий Куряченко.Адвокат апелляциялық алқа бірінші инстанцияның судьясы шығарған үкімге келіспеуі қажет екенін айтты. Себебі 2020 жылдың 28 қазанында қосымша жауап алу хаттамасына тергеуші Әшенов Олжас Әбішевтің атынан көрінеу жалған жауап енгізген.
«Ол жерде «Біртанов орындалған жұмыстар актісіне және қабылдау сертификатына қол қоюды тапсырды. Қарсы шығуға батылым бармады. Біртанов маған мұны бұйырып айтты, менде бұл нұсқауға қарсы тұру туралы ой болған жоқ» делінген. Алайда Әбішевтен қосымша жауап алу кезінде түсірілген видеода бұл жері көрсетілмеген», - деді адвокат.Дмитрий Куряченконың айтуынша, тергеуші Әшенов іс барысында Біртанов пен Әбішевтің атынан хаттамаға бірнеше рет көрінеу жалған ақпарат енгізген. Бұл судья Ибрагим Әлкеновті шатастырған, салдарынан әділетсіз үкім шығаруға, жазықсыз адамдардың сотталуына әкелді. Сондай-ақ іс бойынша тергеу сатысында 437 куәгерден жауап алынды, оның ішінде платформа бойынша үш жүзге жуық адам куәгер болған. Алайда сот үкімінде 24 куәгердің жауабы келтірілген. Айта кетейік, 2022 жылдың 28 қазанында Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке сот үкімі шықты. Сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді. 9 қарашада Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді. Бұған дейін Елжан Біртанов апелляциялық сот отырысында даулы іс бойынша құжатқа Алексей Цойдың қол қойғанын айтты.