Тараз өңірі университетінің қызметкерлері бас көтерді

Тараз өңірі университетінің қызметкерлері бас көтерді

ашық дереккөзі

Жақында ғана мұғалімі парамен ұсталған Дулати атындағы Тараз өңірі университетінде тағы да шу. Бұл жолы айлығымыз 50 пайызға дейін қысқарды деген еден жуушы, күзетші, шаруашылық бөлімінде істейтін қызметкерлері бас көтерді- деп хабарлайды ktk.kz. Олардың айтуынша, осы айда бәріне мардымсыз жалақы түскен. Наразы топ басшылықтың неліктен мұндай шешім қабылдағанын түсінбей отыр. Ұлардай шулаған аймақтағы ең ірі оқу ордасының шаруашылық қызметкерлері. Бұларға күні кеше ғана жалақы түсіпті. Бірақ бәрінің айлығы 15-тен 50 пайызға дейін қысқарып кеткен. Наразы жұрттың топталып  айғайға басуына осы жағдай түрткі болды. Тәттібек Ахметов, ағаш ұстасы: - 140 мың айлық алатынмын. Кеше 76 мың алдым. Мынаның бәрі айтқысы келеді. Ертең жұмыстан шығарып жібере ме деп қорқады. Айтпаған да! Өлеміз бе?! 76 мыңмен қалай өмір сүреміз? Үйде жұмыс істейтін бірақ адам. «Қалай отбасымызды асыраймыз» деп жыларман болған бұқара бұған дейін жалақының өсетіні жайында естіген едік дейді. Бірақ жеме-жемге келгенде, керісінше болған. Олар басшылық еңбекті бағаламай, соншалықты қорлайды деп ойламағанын айтады. Әсіресе еден жуушылардың бейнеті мүлдем елеусіз қалатын көрінеді. Сара Жанқожаева, еден жуушы: - Демалысқа кетеді оның орнын жуамыз. Ауырып жатады, оның орнын жуамыз. Неге төленбейді? Ешқашан төленбейді! Ол ақша қайда кетіп жатыр? Әбден ызаға булыққандардың ешбірі қымсынып қалмады. Бірінен кейін бірі сөз алғандар мәселесін айтып ағынан жарылды. Арасында ақысыз демалысқа кеткендер де бар. Енді олар алдағы күніміз не болады деп алаңдап жүр. - Бір өзім отбасын асырап отырмын. Қыстың күні қалай ақысыз демалысқа шығарып жібереді? Балашағам бар, кредитім бар. Үш жүргізушіміз. Бұдан кейін гаражда жұмыс істей аламыз ба, жоқ па? Оқу ордасының басшылығы мәселе айлықты қайта есептеуден туындағанын айтады. Анығы, өткен жылы негізгі жалақыға үстемеақы берілген екен. Ол биыл тоқтатылыпты. Еңбекақының қысқаруына сол себеп болған. Бірақ шу шыққан соң, дереу бәрімен бұрынғыша есептесетін болды. Мұхтар Байжұманов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірі  университетінің ректоры: - Негізгі жалақыларын алды, қосымшасы қазір кетеді. Бүгін бірден жібере саламыз. Барлығы есептеліп қойды. Алады, ол жерде ешқандай проблема жоқ.

Loading...