Иллюзия халықты алдау ма, әлде тылсым күш пе?

Иллюзия халықты алдау ма, әлде тылсым күш пе?

ашық дереккөзі

Сиқыр әлемі, иллюзия өнері әр кезде де адамның тылсым әлемге деген қызығушылығын арттырып келеді. Қарапайым халық бұл түсінікті адамды алдап-арбау деп ұғынса, арнайы мамандар иллюзияның белгілі бір алгоритм бойынша жасалатынын айтып әлек. Осы орайда иллюзионист Жеңіс Айтжановпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Тылсым әлемнің құпиясын бірге ашайық. Бала арманшыл келеді. Бірақ көбіне ата-аналар олардың армандарын орта жолдан кесіп, ондай нәрсеге сенбеуге шақырады. Иллюзия, сиқыр, сіз айналысатын сала да бір тылсым әлем. Балаға арманға сену, армандау тұрғысынан қалай көмектесе аласыздар? – Балаға тәрбие, білім беру өте маңызды. Олармен сөйлесу, қиялын дамыту керек. Өйткені қазір технологиялар көп, кішкентай  балалар мен жасөспірімдер сәйкесінше виртуал әлемге сіңіп кеткен. Сол себепті балалардағы қиялды дамыту қазіргі кезде үлкен мәселе болып тұр. Ата-ана балаларына олармен ойын ойнау арқылы көмектесе алады. Ойын деген – бір нәрсені үйренетін тәсіл. Мысалыға, барлық салада қолданылатын «ойын теориясы» деген қызық түсінік бар. Ойын теориясы дегеніміз – ойындардағы оңтайлы стратегияларды үйренудің математикалық әдісі. Бұл процесске өз мүдделерін жүзеге асыру үшін күресетін екі немесе одан да көп тарап қатысады. Ойын теориясы басқа қатысушылардың идеясын, олардың мүмкін болатын әрекетін ескере отырып, ұтымды стратегияларды таңдауға көмектеседі. Демек ойынның ғылымдағы орны да ерекше. Балалармен бірге ойнап, ертегі оқып, музыка тыңдап, кинотеатрға бару – оның қиялының дамуына көмектеспек.  width= Ал иллюзия көне өнер болғаннан кейін ол жерде ешқандай тылсым күш жоқ. Бізде қол ептілігі, актерлік шеберлік, шешендік өнер бар. Одан бөлек иллюзия әлемінің жұмбақ сияқты жасырын құпиясы болады. Былайша айтқанда, қиял әлемі. Біз балаларды тылсым күшке сенуге қарағанда, қиялға ерік беруге, идея артынан еруге, еңбекқор болуға шақырамыз. – Иллюзия саласы қазір Қазақстанда қандай деңгейде. Даму байқала ма? – Иллюзия саласы қазіргі уақытта елімізде өте жақсы деңгейде деп айта аламын. Әр әріптесім осы өнердің белгілі бір саласына машықтанып, бір бағытты дамытып отыр. Бірі – дүкен бизнесімен айналысуда, шетелден реквизиттер алып немесе өздері жасап, әуесқой немесе профессионалдарға қажетті тауарларды сатады. Енді бірі концерт қойып жатыр. Мен маркетинг, жарнама бағытындағы контент өндіретін және брендтермен жұмыс істейтін болдым. Пандемия кезінде 2 жыл үзіліс болғандықтан, жеке дамыдық, белгілі бір жұмыс болмады. Десе де әр дағдарыс адам өміріне өзіндік септігін тигізетінін ескеруіміз керек. – Сиқыр, фокус, иллюзия деген осы тылсым әлемдегі тылсым сөздерге нақты анықтама беріп өтсеңіз. – Қазір мен насихаттап жүрген ақпарат – қазақ тілінде сиқыр деген сөздің екі мағынасы бар. Біздің өнерді көбіне халық дін жағынан қабылдап, қолдамай жатады. Ал бұл түсінік негізінде араб тіліндегі «магия», «бақсылық» деген сөзден келген секілді. Екіншіден, бұл сөз «фокус» деген мағынаны береді. Фокус – иллюзия, ол неміс тіліндегі «хокус-покус» деген сөзден шыққан.  width= Адам не ішемін, не жеймін деп уайымдамайтын болса, оның ақылы, қиялы дами түседі. Бұрын, пайғамбарлар кезеңінде де сиқыр болған. Бірақ адамды алдау-арбау мақсатында жасалған, ал қазір бұл түсінік өнермен трансформация жасады. Сиқыр да кино, музыка, сурет секілді адамның ішкі дүниесін, қиялын дамытатын өнер болып тұр. Бұл – «ақ сиқыр». Бұдан бөлек «қара сиқыр» деген бар. Оған экстрасенс, фокустағы қол ептілігін пайдаланып алаяқтық жасайтындар жатады. Біз адамның көңілін күйін көтеру, таңғалдыру бағытында жұмыс істейміз. Қазір адамды таңғалдыру өте қиын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Соған қарамастан актерлік шеберлікті қолданып, иллюзия көрсетіп, адамдардың әлі таңғалуға қауқарлы екенін дәлелдеп келеміз. Сондықтан осы бір ерекше өнерді дамытқым келеді. – Иллюзионист болу үшін не істеу керек? Осы салаға келуді жоспарлап жүргендерге қандай кеңес бересіз? – Бір нәрсені үйрену, ең алдымен, ниеттен басталады. Ал біздің салаға келетін болсақ, үйренушіде шыдамдылық қабілеті болса, қол ептілігін дамыту қиын емес. Біле білсеңіздер, қазір ақпарат көп, кез келген жерден өзіңізге қажеттіні таба аласыз. Ең бастысы, үйренушіде белгілі бір бағыт болса жеткілікті. Қазіргі кезде өзім TikTok желісінде иллюзиялық трюктардың құпиясын видео арқылы бөлісіп жүрмін. Менің арнамның жазылушыларының көбі балалар екенін де айта кеткен жөн. Оларға асықпен, фишкамен, істемейтін кабель зарядкасымен, ақшамен және картамен түрлі әдістерді көрсетемін. Бұны да бір сиқыр әлеміне қосқан үлесім деп білемін.

 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от Zhenis Aitzhanov (@zhenis.ait)

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ

Loading...