Елордалық оқушылар автобусты суық аялдамада күтуге мәжбүр

Елордалық оқушылар автобусты суық аялдамада күтуге мәжбүр

ашық дереккөзі

Ақбаян Арапшаева. KAZGUU Newsroom Астанадағы мектептердің үштен екісінің жанында жылы аялдама жоқ. Жергілікті билік тапсырыс бергенін айтады. Бірақ мердігер компания міндетін толық атқармаған. Инвесторларға да коммерциялық аялдама орнату тиімсіз болғаны белгілі болып отыр. Астана қаласы тұрғыны, қоғам белсендісі Салтанат Әшірбай осыдан үш ай бұрын Facebook желісінде №65 және №67 гимназия оқушылары аязды күнде автобус күтіп тұруға мәжбүр екенін жазған болатын. Содан кейін жергілікті билік байланысқа шығып, мектеп жанынан жылы аялдама қондыратынын мәлімдеген.

“Аялдамаларын қоямыз дегенше балаларымыз мектеп бітіретін шығар. Әлеуметтік серіктестік деген ұғым болады. Мысалы, құрылыс компаниялар салған үйлерінің жанынан міндетті түрде мектеп және балабақша салуға тиіс. Әкімдік оны тексеруі керек. Оны қарап жатқан ешкім жоқ. Оның кесірін қарапайым халық, біздің балалар көреді”, — деді ол.
Newsroom тілшісі жағдайдың мән-жайын білу үшін гимназияға барды. Расында мектеп оқушыларының далада тоңып, автобус күткенін, кейде жылыну үшін жақын жердегі дүкенді паналайтынын көрді. Ал кешкі уақытта автобусқа сыймай қалған балалар кейінгісін тағы күтуге мәжбүр болыпты. Аталған гимназиялар жанында бұрын жылы аялдама болған екен. Оны жергілікті билік өкілі растады. Осы аялдама арқылы қатынайтын Апбас Дана есімді қала тұрғыны аялдаманың орнынан алынып тасталғаны “ыңғайсыздық тудырғанын” айтады. Сарыарқа ауданы әкімдігі мәліметінше, билік пен жекеменшік компаниялар арасында қала бойынша коммерциялық аялдамалар орнатуға келіссөздер болған. Бірақ жоба шығыны ақталмағандықтан, кәсіпкерлер аялдаманы өзге жерге көшіріп алып кеткен екен.  width=
«Ол аялдама көп шығын әкелді. Себебі апта сайын ішінде бір затты сындырып кетеді, ластап кетеді. Оны тазалайтын, жөндейтін адамға әр шыққан сайын 15-20 мың теңгеден төлеп отырдық”, — деді коммерциялық аялдамалармен айналысатын Санат есімді кәсіпкер.
Санат өзінің тегін әрі компаниясының атын зерттеу мақаламызға жазуды құптамады. Ол басқа аудандарда аялдамалары барын және оларды алып тастау жоспарда жоғын жеткізді. Сарыарқа ауданы әкімдігі №65, 67 гимназиялар жанына жылы аялдама қою 2022 жылы жоспарда болғанын мәлімдеді. Бірақ тапсырыс алған мердігер компания өз міндетін орындамаған.
“Жоспарға сәйкес олар (мердігер компания – ред.) 2022 жылы 10 аялдама қою керек еді. Соның қатарына біз жаңағы гимназия (жанындағы) локацияны да берген болатынбыз. Алайда олар тек 9 (аялдама) орнатты. Қазір жол көлік департаменті мен оның мердігерлері арасында жұмысты дұрыс орындамады деген айыппен сот ісі жүріп жатыр”, — деді жергілікті билік өкілі.
Осыған дейін жылы аялдамаларды орнату мәселесімен Астана қаласы Көлік және жол көлік инфрақұрылым дамыту басқармасы айналысып келген. Билік өкілі қазір бұл міндеттемені аудан әкімдіктері құзырына беру ойластырылып жатқанын мәлімдеді. Аудан әкімдігі дерегіне сенсек, Сарыарқа ауданы аумағындағы 55 жылы аялдаманың 12-сі мектеп маңайында орналасқан. Бұл тек Сарыарқа ауданына қатысты мәселе емес. Астана қаласындағы аудан әкімдіктерінің дерегіне сенсек, қаладағы 96 мектептің 37-сінің жанында ғана жылы аялдамалар бар.

Loading...