Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
21 ақпан, 2023 / taulik / Жаңалықтар

Полиция зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде қабылдамай ма?

Полиция зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде қабылдамай ма?

Полиция зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде қабылдамай ма?
ашық дереккөзі
Қазақстанда жыныстық алымсақтық бойынша арызданушылар қатары аз емес. Сондай оқиғаларға қатысты  қозғалған іс әдетте еш нәтижесіз аяқталып жатады. Себебі, жыныстық алымсақтық бойынша нақты заң қарастырылмаған. Соның салдарынан зәбір көрген азаматтар психологиялық қысымға ұшырайтынын айтады. 2022 жылы 20 наурызда продюсер Ақниет Ияр әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне Ауыт Мұқибек атты жездесі жыныстық алымсақтық жасады деп айыптады. Болған жайттан кейін Ақниет полиция бөлімшесіне арызданған. Бірақ көп  өтпей Астана қаласы полиция департаменті істі қылмыс құрамының болмауына байланысты  қысқарту туралы шешім қабылдаған.
“Істі қайта қозғадым. Арыз бердім. Бірақ іс сотқа дейін жетпеді. Әрі қарай талап етуден шаршадым”, — деді ол өз сөзінде.
KAZUU Newsroom тілшісі жергілікті құқық қорғау мекемесінен тергеп-тексеруде қылмыс құрамы болмауы нәтижесін нақтырақ анықтау мақсатында қосымша деректер сұратқан еді. Бірақ полиция өкілі ҚР ҚПК-нің 201 бабына сілтеп, тергеп-тексеру барысы туралы өзге де деректер бере алмайтынын жеткізді. Бұл оқиға жайлы Ауыт Мұқибек әлеуметтік желідегі парақшасында: “Еркелікпен айтқан болар. Мен мұндай іске ешқашан бармаймын. Менің де қызым бар”, — деп жазды. Дәл осылай харрассерлерге қатысты іс қозғалып, кейін соңына жетпей қалуы жайттары жиі кезігеді. Кейде соның себебінен жәбір көргендер шағым түсірмей де жатады. Ал кейде полиция қызметкерлерінің өзі осыған үгіттейтін көрінеді. 34 жастағы Анна 15 жасында өзі жұмыс істеген Алматы қаласындағы кафелердің бірінде харассментке ұшырағаны туралы Newsroom тілшісіне айтып берді. Анна жыныстық алымсақтыққа ұшырағаннан кейін бірден полицияға хабарлаған. Алайда полиция қызметкерлері қыздың өзі кінәлі екеніне сендіріп, ата-анасына хабарласатынын айтып қорқытыпты. Осы жағдайдан кейін жәбірленуші арыз жазудан бас тартқан екен. “Қызметкерлер маған жиі айтқан болатын, “сені зорлап, өлтірген жоқ қой”, “сен әдемісің, оған ұнағансың, сенімен қалай танысарын білмеген болар” деген сөздермен кінәні маған артқылары келді”, — деді ол. #НеМолчи қорының жетекшісі Дина Таңсәрі полицияға реформа қажет екенін айтады.
“Полиция жыныстық алымсақтықты ауыр нәрсе немесе қылмыс ретінде қабылдамайды. Сондықтан ол осылай жалғасады. Бізде мәселе тек полицияда ғана емес. Біздің қоғам зорлық-зомбылыққа төзімді. Егер заң өз жүйесімен жұмыс істегенде, бұндай қылмыс түрі көбеймес еді”, — деді Таңсәрі.
Ол заңда “қол тигізбеңіз, басқа адамның шекарасын бұзбаңыз” деп нақты жазылуы керек деп есептейді. Қазақстандық саясатта әйелдердің қатысу тақырыбын зерттеген халықаралық құқық маманы Әйгерім Құсайынқызы қоғамдағы жыныстық алымсақтық мәселесінің шешілмеуін билікте әйелдердің аз болуымен байланыстырады.
“Парламент жүйесі өзгеруге тиіс. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарына кандидаттар тізімін жасақтаған кезде әйелдер мен жастарға 30% емес, 50% квота қарастырылуы керек. Себебі әйелдер халықтың 52%-ын құрайды”, — деді Құсайынқызы.
Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұралы Тәңірберген Newsroom редакциясына кез келген іс заңдағы баптарға орай тіркелетінін және харассмент бойынша нақты баптың жоқтығынан, қанша жыныстық алымсақтық кейсі тіркелгенін анықтау мүмкін емес екенін айтты.
“Себебі бізде оған сай келетін бап жоқ. Ондай заң болмағандықтан, харассмент бойынша статистика белгісіз”, — деді полиция өкілі.
Айта кетсек, жыныстық алымсақтық ата заңда тек “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 434-бабымен қаралады. Ол бойынша кісіге айыпты екені анықталса 5 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейінгі қамау қарастырылады.

Назым Тұяқбай KAZGUU Newsroom