"Қазақстандықтардың азық-түлікті несиеге алуы қандай әлеуметтік жағдайды білдіреді?"- бұл туралы Taulik.kz сайты sla.kazguu.kz-ке сілтеме жасап жазды.
Жыл сайынғы инфляция өсімі, теңге тұрақсыздығы әрі геосаяси ахуал нарықтағы тауарлар бағасының артуына алып келіп отыр. Ал соңғы жылдары халық табысы инфляция көрсеткішін қуып жете алмай жатқандықтан, кейде ақшаның азық-түлік алуға да жетпей қалып жатқаны белгілі. Сарапшылар әзірге халыққа өнім ақысын бөліп төлеуін шешім ретінде көрінгенімен, кейін бұл үлкен қиындыққа жетелейтінін айтады.
Алтынай Әбілғазина есімді Павлодар мемлекеттік университетінің екінші курс студенті оқу барысында қосымша жұмыс істей алмайтынын, сондықтан кейде азық-түлікті несиеге алатынын айтады.
“Көбінесе ақшамен маған ата-анам көмектеседі. Оларды мазаламау үшін азық-түлік өнімдерін несиеге аламын. Несиеге бір кірген соң, шығу қиын. Себебі бөліп төлегендіктен, оны жабу барысында үлкен ақша кетіп жатқаны қатты сезілмей тәуелділік пайда болады,- дейді ол.
Әбілғазина әзірге барынша қарызға көп тәуелді болмауға тырысып жүргенін айтады. Бірақ елдегі инфляция төмендемей, азаматтар табысы артпайынша, бұл жағдай жалғаса беретіні анық.
ҚазҰПУ екінші курс студенті Алина Қасқырбаева бұл мәселені жаһанданумен байланыстырады.
“Иә, мен тауарды Kaspi Red арқылы аламын, себебі артық төлемсіз тауар ақшасын бірнеше айға бөлу арқылы алуға болады. Бірақ бұл – еліміздің экономикалық проблемаларының көрсеткіші”, – деді ол Newsroom тілшісіне.
Қасқырбаеваның ойынша, халықтың азық-түлікті несиеге алуы елдегі экономикалық ахуалдың айтарлықтай қиын екенін білдіреді.
Астанадағы Aitu Dala зерттей орталығының өткен жылы жүргізген
сауалнамасына орай, қазақстандықтар алатын несиенің 16 пайызын азық-түлік алуға жұмсайды екен. Ал жыл басында шыққан Бірінші кридиттік бюроның
мәліметіне сенсек, орта есеппен 100 қазақстандыққа 58 несие картасы тұра келеді екен.
Қаржыгер Заңғар Сәлімбаевтың ойынша, азық-түлікті несиеге алған азаматтың материалдық жағдайы одан да ауырлай түседі. Қиындықтан шығу үшін – осындай жағдайға жеткізген салдарды тауып, шешу жолдар ойластыру қажет дейді.
“Өкінішке орай, мемлекетімізде бүгінде инфляция өте жоғары (ақпан айында 21,3% болды – ред.) болып отыр. Тауарлардың бағасы өсіп кетті. Бұл фактор да мәселеге әсерін тигізіп жатыр”,- деді Сәлімбаев.
Қаржыгер проблеманы жою үшін экономиканы тез арада әртараптандырып, жаңа жұмыс орындар ашу керегін айтады. Сондай-ақ, бизнеске барынша көмек беру керегін жеткізеді.
Алматыдағы UIB жоғары оқу орнының профессоры, экономист Мақсат Халық та қазақстандықтар азық-түлік өнімін несиеге жиі алатыны жақсы жағдай емес екенін және азық-түлікті несиеге рәсімдеу әлеуметтік жағдайдың тым нашарлағанның көрсететінін айтады.
“Қазақстандықтардың тіпті азық-түлікке несие ашуы, еліміздің кедейленіп жатқан көрінісі. Немістің Энгель заңы бойынша, халықтың табысы неғұрлым төмендеген сайын, олардың азық-түлік шығындары артады. Халықтың табысы неғұрлым жоғарылаған сайын олардың демалыс шығындары артады”, – деді ғалым өз сөзінде.