«Ең сорақысы – асылып өлу»: неліктен оқушылар арасындағы төбелес жиілеп кетті?

«Ең сорақысы – асылып өлу»: неліктен оқушылар арасындағы төбелес жиілеп кетті?

ашық дереккөзі

Елдің ертеңі бүгінгі ұрпақтың, ұлт баласының қолында. Алайда бүгінде кәмелет жасқа толмаған мектеп оқушыларының төбелесі мен қайғылы оқиғалары жиілеп кетті. Тіпті олардың жаға ұстатарлық төбелесінің бейнелері де үйреншікті жаңалыққа айналды. Неге? Себебі желіде 1 ай ішінде республикада орын алған 15-ке жуық қылмыстық оқиғалар толассыз талқыға түсті. Неліктен төбелес жасөспірім арасында күрт жиілеп кетті? Неге кейінгі ұрпақ агрессияға тез беріледі, бұнымен мемлекет қалай күресіп жатыр, бұл туралы Taulik.kz тілшісі жазады. Бүгінде кәмелет жасқа толмағандардың арасында қылмыстың жиілеуіне әрі қылмысқа баруына бірнеше себеп әсер етіп жатыр. Бұл оқушылардың мақсат-мүддесінің жоқтығы, бос уақыттарын көбінесе қыдырумен өткізуі, түрлі әлеуметтік желілер мен ересектердің құқық бұзушылық іс-әрекеттеріне құмар болуы болмақ. Көптеген жасөспірімдердің күнделікті іс-әрекеттеріне ата-анасы мен оқу орындарынан бақылау болмағандықтан, соңы қылмыстық әрекетте ұласатынын тәжірибелер көрсетіп отыр. «ӘЛІМЖЕТТІК, СОҚҚЫ, АСЫЛЫП ӨЛУ» : СӘУІРДЕГІ ҮЗІЛІССІЗ ТӨБЕЛЕСТЕР ЛЕГІ ЖАҒА ҰСТАТТЫ 1 ай ішінде кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстардың арасында пайдакүнемдік пен зорлау пиғылымен жасалатын ауыр қылмыстардың үлесі өте жоғары екендігі анықталды. Мысалы, сәуір айы бойынша аталған бұзақылықтар легін Қызылорда облысы Қазалы ауданында мектеп оқушысының аяусыз соққыға жығылуы бастады. Яғни 6 сәуір мен 10 сәуір аралығында жанжал мен ерегесу нәтижесінде 3 төбелесу фактісі анықталды. 9-сынып оқушысын сабап қана қоймай бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Ал 11-сынып оқушыларының арасындағы төбелестен жеткіншек пышақталып өлім аузынан қалды. Зардап шегуші ауруханаға жеткізіліп, тиісті ем-домын алған. Ал 11 сәуір күні 23:00 шамасында Алматы облысы, Кеген ауданындағы Саты ауылында мектеп оқушысы қайтыс болды.  Қайғылы оқиға кеште өзен бойында орын алған. Куәгерлердің айтуынша, спортқа жаттыққан жоғары сынып оқушысы үлкендік жасап өзінен кішілерді белгілі бір тәртіпке шақырған.  Мирас Әскербайды өлтірді деген күдікті оқушы марқұмды кеуде тұсынан асқан жылдамдықпен ұрған. Айта кетерлігі, Мирастың өлімінен 2 күн өткен соң, оның досы Дастан Байтұрсын да мал қорада асылып қайтыс болған. Облыс әкімі болса бұл жағдай үшін мектеп директорына, оның тәрбие жөніндегі орынбасарына, сынып жетекшісіне тәртіптік шара қолданылатынын айтты. Түркістан мен Өскемендегі жағдай: жасөспірімді шешіндіріп соққыға жыққан шенеуніктің қыздары жазадан сытылып кете ме? Бірнеше апта бұрын әлеуметтік желіде Өскемендегі оқушы қыздардың төбелесі жарияланып, көпті алаңдатқан болатын. Олардың бір-біріне қатігездігін көргеннен желі қолданушылары арасында жазылған пікірде шек жоқ. Бірі олардың ата-анасын кінәласа, енді бірі мектеп әкімшілігіндегі бақылаудың аздығын себеп көреді. Бұл оқиға қаладағы сауда үйлерінің біріндегі әжетханада болған. Бейне жазбада қыздардың бірі қызды шешінуге мәжбүрлеп тепкінің астына алғаны анық көрінген. Айта кетерлігі, қызды ұрып-соққан қыздың анасы білім бөлімінің басшысы болса, әкесі жергілікті шенеунік. Анасы мен әкесіне қатысты қызметтік жағдайды пайдаланғаны үшін екі қызды да девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған жабық арнайы интернатқа ауыстыруды қатарластарының ата-аналары талап еткен. Өскемендегі жағдай ушыққан шақта 10 сәуір күні Семей қаласында қыздардың шаш жұлысып төбелескені белгілі болды. Ол қаланың әлеуметтік желілеріне мониторинг жүргізу барысында анықталды. Онда қала мектептерінің бірінде оқитын оқушы қыздар өзге оқушы қызға дене жарақатын салып жатқаны көрсетілген. Сондай-ақ бірер күн бұрын  Түркістан облысы Төрткөл ауылында 9-сыныпта оқитын өрімдей қыздың денесі канал маңынан табылған. Полицейлердің айтуынша, қызды пышақтап, денесін суға лақтырды деген күдікпен сол ауылдағы жоғары сыныптың оқушысы қамауға алынған. «Жасөспірімдер ашу-ызасын төбелес арқылы шығарғысы келеді» – психолог Куә болғанымыздай, елдегі әрбір үшінші жасөспірім құрдастарының тарапынан қысымға ұшырап, ең сорақысы арты өліммен аяқталған. ҚР психологтар қауымдастығының мүшесі Көркем Канцерова жасөспірімдер арасындағы буллингтің жиілеуі, әрі кейінгі ұрпақтың агрессияға көп берілуінің ең басты себебі баланың ішкі эмоционалдық жағдайымен тікелей байланысты деп қосты.

«Негізі буллингтің себептері әр жағдайда әртүрлі болуы мүмкін, алайда оның бастапқы себептерінің бірі баланың ішкі эмоционалдық жағдайы. Яғни буллингтің құрбаны болатын баланың да, өзіне команда жинайтын агрессор баланың да өзіне сенімділігі төмен болады. Бойында эмпатия жоқ агрессор бала өзіне құрбан іздеген кезде басқа адамның эмоционалдық жағдайын көре алмайды. Тікелей үйіндегі қиын отбасылық жағдай мен басқа қиындықтардан құтылудың амалы үшін жасөспірімдер ашу-ызасын төбелес арқылы шығарғысы келеді. Мұндай оқиғалардың күрт артуының себебі психологиялық қысымның артуы болмақ. Баланың отбасында әлеуметтік мәселелер орын алса немесе жеке көңіл бөлінбесе, гормондық өзгерістердің әсерінен эмоциясының тұрақсыздануы орын алса жасөспірім бірден екінші тараптың сенімділігін төмендеткісі келіп, әлімжеттік көрсетуі мүмкін» - деді психолог.
Психолог буллингке баратындардың да психологиялық ерекшеліктеріне мән беру қажет деп санайды. Өйткені отбасылық жағдайы мен ата-ананың қамқорлығына қарамастан кез келген бала қорлау жағдайында құрбан болуы мүмкін екенін баса айтты.
«Көбінесе құрбан болатын жан неліктен болған жағдайды жақындарына айтқысы келмейді. Себебі ол басқаларға сенбейді әрі критиканың тууынан қорқады, сондықтан іштен тынып суицид жасайды. Осындай жағдайлар болмас үшін ең алдымен, балаға ата-анасы көп көңіл бөлуі керек. Әрбір баламен тікелей жұмыс істеп, сезімі мен жай-күйін, эмоциясын шығаруды үйрету керек. Баланың кемшіліктеріне акцент бермей, қателесудің дұрыс екендігін баланың психологиясына енгізу керек» ,- деп қосты Көркем Канцерова.
Бұл резонанс тудырған оқиғалардан кейін оқу-ағарту министрлігі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұғалімдер мен ата-аналарға үндеу жасады.
«Бір өкініштісі жәбірлеу кең таралған құбылыстардың біріне айналып бара жатыр. Жасөспірімдердің жан түршігерлік қылығы мен бір-біріне қатыгездік танытуы ақылға сыймайтын дүние. Бізге – педагогтер қоғамдастығы мен азаматтық қоғам, ата-аналарға балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, өскелең ұрпақтың өміріне демеу болар құндылықтарын қалыптастыру жолында бүкіл ресурсымызды жұмылдырып, бала тәрбиесінде бірлесе қимыл жасау қажеттілігі туындап отыр», деді Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, қазір балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін кешенді жоспар әзірлеу жөнінде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Түйіндей келе, кез келген адамның бәсекеге қабілетті болуы – оның білім деңгейіне байланысты екені мәлім, сондықтан мектеп оқушыларының қауіпсіздігін, жайлы ортасын сақтау өте өзекті мәселе болып тұр. Мемлекет басшысы айтқандай мектептердегі қауіпсіздік жүйесіне мықты әрі берік талап қойылуы керек. Сонда ғана оқушылар бәсеке қабілетті, эмоционалды интеллекттісі дамып өседі.

Loading...