«Алдағы 3 жылда ұлттық қорда қанша ақша болады?»: министр жауап берді

Үкімет отырысында министр ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемін атады

ашық дереккөз

Ұлттық қорда алдағы 3 жылда қанша ақша болады, бұл туралы Ұлттық экономика министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz.

Үкімет отырысында министр ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2024 жылы 7,5 трлн теңге, 2025 жылы 8,3 трлн теңге, 2026 жылы 8,3 трлн теңге көлемінде болатынын айтты.

Ұлттық қордың таза қаражаты 2024 жылы 3,9 трлн теңге, 2026 жылы 6,3 трлн теңге көлемінде жоспарлануда. Трансферттерді жоспарлы пайдалануды, сондай-ақ қорды басқаруға байланысты шығыстарды ескере отырып, Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68,0 млрд доллары, 2026 жылы 93,3 млрд доллары көлемінде болжанады,– деді Қуантыров.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» Президенттің Жарлығына өзгеріс енгізу туралы қаулысының жобасы әзірленді.

Жобада нысаналы трансфертті 2024 жылы 400 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының, «Ұлттық қордан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңының және «Ұлттық қордан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» Жарлығына өзгеріс енгізу жобаларын қолдауларыңызды сұраймын, – деді Ұлттық экономика министрі.

Loading...