Сарыағаштағы 5 жасар қызды өлтірген қылмыскерді жеңіл жазалаған Шетенов судья болды

Президент жарлыққа 6 қазанда қол қойған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Нұрқазы Шетенов Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылып, осы соттың судьялығына тағайындалған, деп хабарлайды Taulik.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Бұған дейін Нұрқазы Шетенов Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өліміне кінәлі деп өмірлік түрме жазасына кесілген 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровты бұрын "адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" жеңіл жазалаған деген дауға қалған. Осыған байланысты Жоғарғы сот Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс бергені хабарланған. 

22 қыркүйекте Жоғарғы сот кеңесі президентке Шетеновті "Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы" конституциялық заңның 34-бабы негізінде осы соттың судьясы қызметіне қалдырып, аудандық соттың төрағасы қызметінен өз еркімен босатуды ұсынған.

Шетеновтың судья болып тағайындалғанын Түркістан облыстық соты растады. Ол қазір денсаулығына байланысты "еңбекке жарамсыздық парағымен" демалыс алған.

Өзі жөніндегі даулы пікірлерден кейін, 7 қыркүйекте Нұрқазы Шетенов өз еркімен жұмыстан кету жөнінде өтініш жазған. Бірақ оның өтініш жазуына нақты не себеп болғаны ресми түрде айтылған жоқ.

7 қыркүйек күні Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп қамалған Гаийбназаровты "Адам өлтіру" және "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына түрме жазасын кесті.

Loading...