Qalan.kz – бала болашағына салынған тиімді инвестиция

Математика мұғалім ІТ-технологияның көмегімен есеп шығару үйрететін платформа ойлап тапты

Қазір бүкіл әлемде математикаға қызығушылық өте жоғары. Ғылымдар патшасы – математиканы қолданбайтын сала жоқ.  Сондықтан да оқушыларға осы білімді жетік меңгеруге көмектесетін оқу орталықтары ерекше   сұранысқа ие. Оның ішінде онлайн-платформалар да бар. Сүйікті мамандығы – математиканы ІТ технология көмегімен үйретудің жолын тапқан мұғалім Асқар Болаттың жетістік тарихына зер салайық.   

- Математика – күрделі пәндердің бірі. Оны оқытудың түрлі әдіс- тәсілдері бар.  Соның ішінде математика мен жаңа технологиялардың басын қосқан Qalan.kz жобасы танымалдыққа ие болып жатыр. Жалпы бұл жобаны бастауыңызға не түрткі болды?  

-  Негізгі мамандығым – математика пәні мұғалімі. Есімім әйгілі математик Асқар Жұмаділдаевтың құрметіне қойылған. Мектеп бітірген соң университеттің «Математикалық және  компьютерлік модельдеу»    мамандығына оқуға түстім. Студенттік жылдарымда репетиторлықпен айналысып, ақша тауып жүрдім. Сол кезде балалардың математика пәнін  меңгерудегі қиындықтарымен бетпе-бет келдік. ҰБТ-ға бір жыл қалғанда дайындықты бастайтын оқушыларға есеп шығаруды үйрету оңай болмады. Бесінші сыныптан бастап қайталап, бағдарламаны қамтып үлгеруге   тырысатынбыз. Тез арада негізгі есептерді шығаруды үйретіп, балалар өз біліміне сай тестілеуден жақсы балл алып жататын.

Біз университет бітірген жылдары мұғалімдік мамандық мәртебелі болмаса да, мектепке орналастым.  Білім ошақтарындағы академиялық адалдық мәселесі де өте мүшкіл халде екенін көрдім. Оқушылардың көпшілігі көшіруге бейім. Бұл әдеттің түбіріне тереңірек үңілсек,  ол балалардың күнделікті сабақты дер кезінде түсінбей қалуынан  екен. Ал мұғалімдер бала түсінсе де, түсінбесе де күнтізбелік жоспарына сай  сабағын өткізіп кете береді.  Бұған тек алғыр, озат балалар ғана ілесе алады.  3-4 бала жақсы түсінеді де, қалғаны көшіріп алады. Мұндай жағдайда мұғалімді де, оқушыны да кінәлау артық. Бұл жүйелік проблема. 

Сосын әр баланың оқу, тақырыпты қабылдау және есеп шығару жылдамдығы әртүрлі. Бәрін бір сыныпта оқыту да нәтиже бермейді. Мен мектепке мұғалім боп келгенде ең алдымен білім саласындағы қордаланған проблемаларды шешуге тырыстым. Ең алдымен байқағаным, мысалы 7 сынып   оқушысы алдыңғы 2 жылдың бағдарламасын меңгермеген болып шығады. Өйткені, біздің мектептерде балалар 5 сыныпқа дейін математиканы жақсы оқиды да, содан кейін құлдырай бастайды. Бастауышта бір мұғалімге үйренген көптеген бала 5 сыныпта назары шашырай бастайды, ал кейбір ата-ана баласы өскен сайын  қадағалауды азайтады. Жасөспірім баланың физиологиялық ерекшеліктері байқалатын кез болғандықтан, ата-ана да, мұғалім де оқушыға көбірек көңіл бөліп, бірлесіп жұмыс істеуге ұмтылуы керек.

Осындай олқылықтардың көп екенін байқаған соң, оларды шешу жолын іздей  бастадым. Сабақ бере жүріп, балаларға математиканы 100 пайызға   меңгертуді армандадым. Әртүрлі әдіс-тәсілдерді қарастырып, педагогикалық кітаптарға үңілдім, ақыл-кеңестер алып, шешімін табуға тырыстым. Қайткенде де бала тақырыпты тез түсініп алатын жүйе жасаймын деген мақсат қойдым. Өкінішке қарай, бұл ойымды мектеп қабырғасында жүзеге  асырудың мүмкіндігі болмады. Әйтсе де алған бетімнен қайтпай, неше түрлі  сынақтар жасай жүріп, ІТ, педагогика мен математиканы біріктіру арқылы онлайн платформа жасау идеясы келді. Жаңа технологияларды қолдану арқылы математиканы меңгеру әдісін автоматтандырған жүйеге айналдыру идеясы осылай туды.  

-         Идея бар және оны жүзеге асыру процесі бар. Сол жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.    

-         Алғашында  бұны әлеуметтік жоба түрінде іске асырғым келді. ІТ  компаниялардың басшыларымен, EdTech-мамандармен, әлеуетті   инвесторлармен сөйлестік. Негізі стартап идеясын жүзеге асыру қиын  процесс қой. Осылайша ізденіспен жүргенде ЖОО-да  екі курс жоғары оқыған Қуаныш Нәбиев деген азаматқа жобаны таныстырып,  идеямның жай-жапсарын түсіндірдім. Ол кісі программалауға келісті. Сөйтіп 2018 жылдың күзінде жобаны бастап кеттік. Бастапқы 3 жылда өзім сабақ беретін балаларға  көрсетіп, сынақтан өткіздік. Порталда есеп құрастырып, тестілеп отырдық.  Бір сөзбен айтқанда, математиканы оқытудың әдістемесін дайындап, оны жан-жақты шыңдадық. Тек платформаны әзірлеудің өзіне үш жылдай уақыт кетті. Есептердің бәрін дерлік өзіміз құрастырдық.

-         Осыншама уақыт пен еңбек жұмсалған идеяның іске аспай қалу ықтималдығы  болды ма? Бұл бірнеше саланы біріктірген күрделі дүние ғой.      

-         Иә, жұмыс істемей қалуы да мүмкін еді. Біз порталдың өзін жасауға үш жылымызды жұмсадық. Карантин кезінде көпшілік қауымға ашық тұрды.   Оқушылар да, мұғалімдер де пайдалана бастады. Кейін бір маманның     кеңесіне жүгіндік. Ол бізге нарықта сұранысқа ие бола ма, жоқ па, соны  тексеріп көруге кеңес берді. Оны тексеру үшін біздің өнімімізді сатып ала ма,   ел оған ақша төлеуге дайын ба деген нәрсені анықтау керек болды. Карантин кезінде біздің оқушыларымыздың  саны 20 мың, ал мұғалімдердің саны 2 мыңға  жетіп қалған еді. Сол кезде біз порталға хабарландыру шығарып, «күніне 40 минут тегін, егер айына 2 мың теңге төлесе, шектеу болмайды»  деп жазып қойдық. Бастапқыда тек 2 оқушы сатып алды. Кері байланысқа шыққандар да болды, бір бала тіпті «Асқар ағайға рақмет, портал ақылы болғалы бері мұғалімдер бізді қинамайтын болды» деп маған сәлемдеме  айтып жіберіпті. Сол кезде оқушыларға ұнамсыз дүние жасадық па деген күмән туды.  

Тығырықтан шығудың түрлі жолын іздестірдім, мұғалімдердің  проблемасын шешіп едік қой деп, оларға сату жағын да ойластырдым.   Мұғалімдер айына 5 мың теңге төлесе, шектеусіз пайдаланады деп жаздық.  Оның өзінде бізге қолдау білдіріп жүрген 3 мұғалім ғана сатып  алды. Бәрін қосқанда алғашқы табысымыз 19 мың теңге еді. Салымыз суға кетіп, нарыққа сай   келмейтін дүние жасағанымыз ба деген ойдан еңсеміз түсе бастады. Бұл  біздің жобамыз сыналатын сәт еді. Бірақ нарықты зерттей келе,  кемшілігімізді түсіндік. Серіктесіме персоналды оқыту алгоритмін қолдануды ұсындым. Мұғалім ретінде алгоритмдерін бердім. Әйтсе де ата-аналар риза болғанымен, балалар аса қызыға қоймайды деп ойладық. Тағы да ізденіп, баланы ынталандыру мақсатымен кэшбек жүйесін құрдық.    

-         Кэшбек жүйесін тарқатып айтсаңыз. Баланың көңілі оқуға емес, ақшаға ауып кетпей ме?     

-         Жүйеде 30 күнге есеп беріледі. Оны орындамай қоюға болмайды, қателессе де, қосымша есеп шешсе де, соңына дейін жеткізу керек. Күнделікті тапсырманы соңына дейін жеткізген балаға ақшалай сыйлық беріледі. Жүйе әділетті болуы үшін сыйлық қорын құрдық. Мысалы, 100 баланың елуі есепті соңына дейін шығарса, өзіне де, орындамағандарға да тағайындалған ақша үздіктерге үлестіріледі. Бұл балаға екі жақты мотивация болды. Күнделікті есебін шығаруға және ақша табуға ынталандырды. Міне, содан бастап біздің өніміміз сатыла бастады. Сол айда алғаш рет «сату елегін» жасап, 500 мың теңге табыс таптық.   

– Портал неліктен Qalan.kz деп аталды? 

– Қазір нарықта study, education, school деген атауы бар математика орталығы көп. Біз қазақы атау іздедік. Абай Құнанбайұлының «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деген өлеңіндегі «қалан» сөзі ұнады. Жалпы математикада іргетастың берік қалануы маңызды. Біздің оқу орталығымыздың мақсаты – оқушыға математика саласында берік іргетас қалап беру.

Қазір платформада балалардың тапсырманы күнделікті орындау деңгейі орташа алғанда 85 пайыз екен. Бұндай көрсеткішке қалай қол жеткіздіңіздер?

– Біз әдістемені және технологияны үнемі жетілдіріп отырамыз. Алғашында балалардың  әрқайсына жеке хабарласып,  тапсырманы неге орындамағанын сұрадық. Көбісі ұмытып кетіппін дейді. «Ендеше кешке хабарласып, есіңе салайын» дедім. Ол да әсер етпесе, анасына жазатын болдым. Осылайша  кері  байланыс беріп отыратын чат-боттың алгоритмі әзірленді. Қазір ол қолданыста. Бұл елеулі нәтиже берді. Оның үстіне көптеген білім платформалары тек бала мен мұғалімнің жұмысына ден қояды, ал ата-аналар шетте қалып қояды. Біз баланың білімі нәтижелі болу үшін ата-ана, мұғалім, бала деген үштағанның жұмысын күшейттік.  Бүгінгі таңда қолданушылардың жалпы саны 300 мыңнан асты. Олар платформаға тіркеліп, тегін нұсқасын қолданып жүр. Ал 10 мыңнан астам бала ақылы персоналды оқу жүйесіне тіркеліп, білім алып жатыр.  

 Мұнда балалар өзінің білім деңгейін  анықтайтын диагностикадан өтеді. Жүйе әр оқушының қабілеті мен жылдамдығына сай оқытады. Кэшбек жүйесі осының ішінде, ол курсты сатып алғандардың ақшасының белгілі бір сомасын есепті соңына дейін шығарған оқушыға қайтарып  беріледі. Мысалы, биыл қаңтар-қыркүйек айларында 109 миллион теңге  кэшбек  төленді. Оған тағы қадағалау және кері байланыс кіреді. Қадағалау дегеніміз үш жақты жұмыс: мұғалім, ата-ана және оқушы. Осы үш жақты жұмыстың арқасында оқушының күнделікті үй жұмысын орындау көрсеткіші 85 пайыздың төңірегінде. Бастапқыда 80%  болатын. Біздің  мақсатымыз – 100 пайызға барынша жақындату. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз – сапалы қызмет көрсету, оқушылардың білімін көтеруді қадағалау.  

-         Соңғы жылдары халықтың онлайн-білімге қояр талабы өскені байқалады. Білім нарығындағы бәсекелестік жағдайында клиент тарту және оны ұстап қалу үшін не қажет?   

-         Бізге де күмәнмен қарағандар, күлгендер табылды. Бірақ біз өз өнімімізді әбден жетілдіріп, кемеліне келтіріп жатырмыз. Жобаға асқан ұқыптылықпен қараймыз. Нарыққа шығу үшін ең алдымен өнім мықты болуы керек. Өнімнің  ауқымын кеңейту үшін сапаны көтеру керек. Қазіргі EdTech компаниялардың үлкен қателігі – бірден нарыққа шығуға асығады. Біздің 3 жыл асықпай  зерттеп, ақша туралы мүлде ойламастан, таза энтузиазммен жұмыс  істегеніміз қазір жемісін беріп жатыр. Біз сол кездегі зерттеулердің нәтижесін әлі күнге дейін көріп отырмыз. Сол кезде жазған стратегияларымызды жүзеге асырып келеміз. 

Біз өнімнен кейінгі орынға сервисті қойдық. Мәселен, бізде кері  байланыс беретін ішкі чат бар. Бала есеп шығарғанда қиналса, онлайнда  отырған мұғалім бірден жауап береді. Чатта мұғалімдер таңғы 9-дан түнгі 12-ге дейін балалармен кері байланысқа шығып отырады. Біз мұнда жасанды   интеллект, аудиобайланыс, онлайн тақта секілді құралдарды қолданамыз.   

Сапалы қызметті жолға қойғаннан кейін ғана маркетинг пен сатылымды қолға   алдық. Қазір менен кеңес сұраған адамдарға осыны айтамын. Халыққа өз өніміңді таныстыру үшін маркетингпен айналысу қажет қой, сондықтан клиенттің соңғы шешім қабылдауына көмектесу, консультация беру  үшін сату бөлімін қолға алдық. Міне, бәсекелестік жағдайында клиент тартудың осындай әдіс-тәсілдері, заңдылықтары бар.  

Qalan.kz  порталы Орталық Азиядағы ірі халықаралық технопарк саналатын «Аstana Hub»- тың резиденті екенін білеміз. Бұл сіздерге не береді?  

- «Аstana Hub»-қа 2022 жылы тіркелдік. Мұнда технологиялық компаниялардың дамуына жақсы жағдай жасалады. Бізге жалпы айналымның 1 пайызы көлемінде салық төлейтін арнайы режим берілді. Компаниямыз қосымша құн салығынан және корпоративті табыс салығынан босатылды. Сонымен қатар, қызметкерлеріміз де жеке табыс салығын төлеуге міндетті емес. Стартап ретінде бұл бізге үлкен көмек. Бұны біз елімізде ІТ-технологияларға жасалып жатқан үлкен мүмкіндік деп қабылдаймыз.   

-         Биыл Ресей және Өзбекстан нарығына шығыпсыздар. Жалпы Ресей онлайн білім жағынан бірнеше жыл бойы алда болды. Бұрын әлемдік трендтер алдымен Ресейге, сосын бізге келетін еді. Қазір байқасақ, Қазақстан нарық ретінде өзі-ақ Орталық Азия және ТМД бойынша тренд жасай алатын елге айналды. Ал Өзбекстан нарығының қандай ерекшеліктері бар? Осы екі нарыққа шығу тәжірибеңізді бөліссеңіз.   

- Біз ең алдымен Qalan.kz-тің орыс тілді нұсқасын жасадық. 2022 жылы платформадағы есептерді орысшаға аударып, серіктес тауып, орысша өнімді ТМД шеңберінде сатуға мүмкіндік бердік. Қазір  қолданушыларымыздың үштен бірі  орыстілді оқушылар. Серіктесім Асқар Әлімханов Қазақстандағы орыстілді аудиторияны жақсы қамти алды және өнім осы аудитория арасында сұранысқа ие болды. Кейін біз Башқұртстан мен Татарстан астаналарына барып, қай қалада бөлім ашуға болатынын зерттедік. Таңдауымыз Қазан қаласындағы «Иннополис» деген білім қаласына түсті. Ол өз жеңілдіктері мен мүмкіндіктері бар ерекше экономикалық аймақ. Бізге стартап ретінде бөлімімізді ашып, салық жеңілдігін  берді. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Салыстырмалы түрде алғанда Ресей халқы онлайн білім алуға үйренген. Біз өзіміздің өнімге сенімді болғандықтан, жұмысты бастап кеттік. Ресейлік  нарық өте үлкен, сәйкесінше үлкен айналым жасауға болады деп сенеміз.

Ал Өзбекстан керісінше біраз кенжелеп тұрған сияқты. Мұнда репетиторлық орталықтар қарқынды дамып жатыр. Біз Өзбекстанда EdTech саласында жүрген адамдармен бірлесіп,  қауымдастық құрдық. Білім министрлігі өкілдерімен сұхбаттастық. Олардың айтуынша, халықтың білімге деген қызығушылығы әлі көңіл көншітпейді. Ең үлкен проблеманың бірі  – қыз балаларды оқытуға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеу. Біздің керісінше, ұлға қарағанда, ең алдымен қызды оқытады. Қыз болашақ  ұрпақты тәрбиелейді,  оқыған әйел көзі ашық бала өсіреді. Ал оқымаған әйел білімнің құндылығын түсінбеуі мүмкін. Өзбекстандағы ірі қалаларда әлеуметтік ахуал бізге ұқсас, Ташкент, Самарқанд,  секілді шаһарларда білімге қызығушылық жоғары. Сол себепті біз жарнаманы үлкен қалаларға бағыттап жатырмыз. Қазақстандықтарға келсек, баланы оқытуға, балаға инвестиция салуға  көбірек күш салады. Бұл біздегі табысты кейстердің көптігіне де байланысты болар. Бірақ біздің зерттеуімізге қарағанда, Өзбекстандағы халықтың білімге көңіл бөлуі алдыңғы жылдарға қарағанда жылдам өсіп келе жатыр. Кейбір халықаралық тәуелсіз зерттеулер бұл көрсеткіштің бір жылда 10-12 пайызға дейін өскенін көрсеткен. Бұл Өзбекстанның өзіне және біздің аймақ үшін өте жақсы жаңалық.

Жоба қалай масштабқа шығып жатыр?

Біздің алғашқы ең үлкен табысымызды 2021 жылдың ортасына қарай таптық -  айына  500 мың теңге айналымға қол жеткіздік. Содан  ақырындап сатылым өсе бастадық. 2022 жылдың қаңтарында айлық айналымды 10 млн теңгеге жеткіздік. Біздің бұлай тез өсуімізге бизнес моделіміздің көп пайдасы тиді. Біз өнімді әбден жетілдіріп барып, маркетингті қолға алдық. Біз инвестициясыз өзін-өзі ақтайтын жобаға айналдыра алдық. Қазіргі уақытта біздің бір айдағы айналым 300 млн теңгеге жетіп отыр. Табысты компанияны дамытуға, кәсіби мамандарды тартуға, жаңа нарықтарды зерттеуге, онда бөлімдер ашуға, жаңа өнім – ағылшын тілі курсын дамытып жатырмыз. Сондай-ақ, компания тұрақты даму үшін қор дайындап қойдық.

  •  Qalan.kz платформасының болашаққа жоспары қандай? Қандай  жаңалықтарыңыз бар? 
  • Qalan.kz – Қазақстанның болашағы үшін жасалып жатқан жоба.

Болашақ үшін білімге салынған ең тиімді инвестиция. Сондықтан біздің жоспарымыз көп, мақсаттарымыз ауқымды. Алдағы уақытта жасанды интеллекті көмегімен жобаны дамыту үстіндеміз.

 Сонымен қатар, биыл жыл соңына дейін мобильді қосымшаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оны әзірлеуге үлкен жауапкершілікпен,  перфекционизммен қараймыз. Жүйеміздің бүкіл қолданушысына ыңғайлы болатындай, сапалы дүние шығаруды көздейміз. Балалар мен    жасөспірімдерге арналған ғылым-білім туралы «Әл Жәбірдің атасы» және «Қалан, балам» атты екі журнал шығарып жатырмыз. Алғашқы нөмірі қазан айында жарық көреді. Келесі жылы географиямызды кеңейтіп, Ресей мен Өзбекстаннан кейін Қырғызстан,  Түркия және Әзербайжан нарықтарына шығуды көздеп отырмыз. Ал ұзақ мерзімді болашақта еліміздегі ғылым мен білімнің қайта жаңғыруына үлес қосқымыз келеді.  

Тарихқа зер салсақ, ғылым мен білімнің бастауы, ұлы ойшылдар мен ұстаздардың көпшілігі өзіміздің Орталық Азия аймағынан шыққанын ұмытпауымыз керек. Мысалы, әл-Фарабиді, әл Хорезми, Ұлықбек, әл-Бируни секілді ғалымдар ғылым-білімнің негізін қалады. Алаш қайраткерлері де қазақтың оқыған, білімді халық болғанын көкседі емес пе? Ғылым мен білім біздің қанымызда бар қасиет. Бұған қазір толық мүмкіндік туып тұр. Болашақта адами капитал бірінші орынға шығады. Азаматтардың білімін көтеріп, ғылымға көңіл бөлсек, Қазақстанымыз қарыштап өркендейді деп сенемін. Біздің міндетіміз  ғылым-білімнің тәжін өзімізге қайтару.

 Сіз қатардағы мұғалімнен табысты кәсіпкерге айналдыңыз.  Осы  деңгейге жеткізген қандай қасиеттер?      

– Ең алдымен Құдайдың берген несібесі болар және математикаға деген сүйіспеншілік, табандылық, еңбекқорлық. Есепті алдымен түсініп алып,   бірнеше нұсқада шешуге тырыстым. Проблема шешкенді  жақсы көремін.  Проблемаға есеп сияқты қараймын. Мысалы, мектепте балалардың математиканы 100 пайыз меңгере алмауын проблема ретінде қарастырып, соның шешімі ретінде Qalan жобасын жасап шығардық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Ал, кәсіпкер дегенге келсек, бизнес дағдыларын меңгердім, өз ісімді жақсы жүргізіп жатырмын, бірақ өзімді математика мұғалімі деп санаймын.   

 

                                                                                                                Әңгімеңізге рақмет!  

 

Loading...