Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтіргені туралы хабарлама тарады, деп хабарлайды Taulik.kz.
Кейбір дереккөздер ақпаратты растаған.
Оған қоса, “Козачков” Telegram арнасында Бишімбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат пен фото жарияланған болатын.
Bau мейрамханасындағы Гастроцентрде 1992 жылы туған әйелдің жедел жәрдем келгенше қайтыс болғаны белгілі болды.
Полиция ұсталған адамның аты-жөнін атамады. Алайда оқиғаны растады.
"Астана қаласының полиция департаментіне қаладағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болғанын, оның салдарынан әйел адам алған жарақаттары нәтижесінде көз жұмғаны туралы ақпарат келіп түсті. Күдікті қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнында Есіл ауданы полиция департаменті және полиция басқармасының жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр”, - делінген полицияның хабарламасында.
Қуандық Бишімбаевтың әйелі 1992 жылы туған Нүкенова Салтанат Амангелдіқызы. Бұл бұрынғы министрдің екінші әйелі. Бірінші әйелі Назымнан соттан кейін ажырасып кеткен.
1980 жылы туған Қуандық Бишімбаев 2017 жылы қамауға алынғанға дейін жоғары лауазымды қызметтер атқарған.
2009-2010 жылдары Президент Назарбаевтың көмекшісі қызметін атқарған. Одан кейін Сауда және экономикалық даму министрінің орынбасары, "Самұрық-Қазына" қоры басқарма төрағасының орынбасары болды. 2013-2016 жылдар аралығында "Бәйтерек" АҚ басқарма төрағасы, 2016 жылы бірнеше ай Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды.
2017 жылдың 10 қаңтарында Бишімбаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталды.
2018 жылдың 14 наурызында ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
2019 жылдың 25 қыркүйегінде бұрынғы шенеунік бостандыққа шықты. Шымкент қаласының Абай аудандық соты оның мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырды.