ArcelorMittal Қазақстанмен соттасуы мүмкін бе? — заңгер жауабы

Ұлыбританияда білім алған заңгермен сұхбат

taulik.kz коллаж

46 адам қаза болған «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты Костенко шахтасындағы трагедия жылдар бойы қордаланып қалған мәселенің бетін ашты. 1995 жылдан бері қаза болғандар саны 200-ге жуықтаған. Жылдар бойы тек айыппұл төлеп, заң алдында жауап бермеген АрселорМиттал меншігіндегі компанияны мемлекетке қайтару туралы шешім шықты. Тек өте жылдам қабылданған шешім, компанияның да ресми түрде оны қабылдап, келісім бергені күдік тудырады. Аталған мәселенің мән-жайын білу үшін Ұлыбританияда білім алған заңгер, халықаралық коммерциялық құқық саласының маманы Айдын Ақанмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты Костенко шахтасында болған трагедиядан кейін мемлекет бірден өндірісті өзіне қайтарып алу туралы шешім шығарды. Шетелдік компания да келісім берді. Алайда бұл қаншылықты заңды? АрселорМиттал кейін Қазақстанды сотқа беруі мүмкін бе?

- Осы жағдай бойынша бірнеше проблеманы атап өтсек болады. Ең бастысы бұл шетелдік инвестордың мүлкін мемлекет заңды түрде экспроприациялап жатыр ма, жоқ па? Себебі экспроприация заңды және заңсыз да жүзеге асады және әр түрлі талаптары мен салдары бар.

Әрине, алып компаниялар мен мемлекеттер арасында дау туындаған кезде олар жергілікті соттарға жүгінбесе болады. Себебі көп мемлекетаралық екіжақты инвестициялық шарттарда дау шешудің альтернативті түрлері анықталады. Мысалы, халықаралық арбитражда Қазақстан мен шетелдік инвесторлар арасындағы 19 дау бар. Солардың көбі экспроприация түрлеріне тікелей қатысты. Соның ішінде бірнеше дауда Қазақстан іс әрекеттері экспроприациялық болып танылды.

Мына жағдайда да, егер АрселорМиттал сотқа берер болса, олар менің ойымша басқа да үлкен шетелдік инвесторлар тәрізді арбитражға жүгінеді. Дегенмен, заңды экспроприация талаптары орындалса сотқа беруге де негіз болмайды.

Бірақ дамушы елдер үшін кез келген экспроприация түрі өз салдарымен келеді. Себебі тікелей елдегі инвестициялық климатқа негативті түрде әсер етуі мүмкін.

Осы кейс бойынша, заңды экспроприация болу үшін, Қазақстан толықтай АрселлорМитталға нарықтағы бағамен компенсация жасауы керек. Әрі бұл тезарада жүзеге асуы тиіс. Бұл жерде «АрселлорМитталдан салып алып жатқан өндірістің нарықтағы бағасы қандай және біз компенсацияны төлеуге дайынбыз ба?» деген сұрақ туындайды.

Әзірге БАҚ бетінен ешқандай да компенсация бойынша ақпарат, мәлімдеме көрген жоқпын.

- Компенсация сомасы мен ол туралы мәлімет ашық көрсетілуі тиіс пе? Яғни халық бұл мәселені білуге құқылы ма?

- Бұл мәселе екі тарапқа байланысты. Әрине, халықта бұл ақпаратты білуге құқығы бар. Дегенмен, қазір болып жатқан, айтылып жатқан шешімдердің бәрі өте тез болып жатқандықтан екі жақ нақты бір бағаға әлі келіспеген секілді. Қазір Теміртаудағы өндірістің нарықтағы бағасын білу, табысын зерделеу, кенде қанша әлі де жерасты байлығы бар екенін есептеу жүргізу, іштегі технологияның қаншалықты жаңа және ескі екенін ескеріп барып, бағасын шығарады. Меніңше, бұл тез арада бітетін іс емес.

Қазақстан үкіметі онда қанша инвестиция салу керек екенін біліп отыр. Сіз айтып отырған 1,3 млрд долларды бірінші кезеңде тез салу дегеніңіз, дәл осы қаржы болмай, өндіріс өз жұмысын ары қарай жалғастыра алмайды және ол жерде өзінің жұмыс істеу деңгейінен түсіп кетті деген сөз.

Қарап отырсақ, ең басты әрі маңызды сұрақ, ол  жер астында қанша байлық қалды, осы бойынша ресми ақпарат бар ма?

Мәселен, Арменияда алтын шығаратын зауыт бар, бірақ ол қазір құнсыз. Себебі жердің астында алтын біткен. Дәл осы секілді АрселорМиттал Теміртау астында не жатыр, соған қарай баға да қойылады деп есептеймін.

- Енді Әлихан Смайылов нақты 3 млрд доллар инвестиция керек екенін айтты. Сонда бұл нені білдіреді?

- Бұл жерастында пайдалы қазбалар мол дегенді білдіруі мүмкін.

Жалпы инвестиция және инвестор деген деген түсінік бар. Егер инвестор өндірісті дамытамын деп кіріп, оған ары қарай ақша салып, реттеп отырмаса, ол инвестиция деп есептелмейді. Бұл - сатып алу. Яғни бір ғана траншпен барып сатып алу және өндіріске заманауи технологияларды алып келмеу.

БАҚ жазуы бойынша зауыттағы техникалық жабдықтардың дені заманауи талаптарға сай емес. Бұл жерде инвестордың осыларды жаңартуға, дамытуға нақты қанша ақша салғанын білу керек, анықтау қажет. Жыл сайын инвестиция салып, жаңа технологиялар әкеліп, адам капиталына мән беріп жұмыс істесе, ешқандай проблема жоқ. Орын алған қайғылы оқиғаға негіздеме жасайтын болсақ, бұл схема жүзеге аспаған.

Жалпы алғанда, бүгін, әлемдік деңгейде шетелдік инвестицияға деген мемлекеттер арасында бір бәсекелестік бар тәрізді. Шетелдік инвестиция тарту үшін кейбір мемлекеттер асыра преференциялар жасауы мүмкін. Бірақта бұнын бәрі халықаралық инвестициялық құқық принциптері, халықаралық инвестициялық шарттар негізінде жасалу керек.  Себебі ол жерде мемлекеттер мен шетелдік инвесторлар арасындағы құқық балансы сақталған. Мәселен, кейбір дамушы елдерде шетелдік инвесторды өз еліне шақыра алса болды, көп нәрсеге көз жұмуға дайын. Тек инвестиция болса, көп артықшылықтар беруге дайын.

- Адам өмірі де ме?

- Иә, ол да кіреді.

Жалпы, Қазақстанға келген шетелдік инвестор осы елдің заңнамасына бағынады. Сонымен қатар бұл қауіпсіздік мәселесіне де байланысты. Инвестор заңнамаға сәйкес, өз міндетіне, сол жердегі барлық саладағы бағыттарды реттеуді алады.

- АрселорМиттал Қазақстан нарығына кіріп, жұмысын басталғалы 194 адам қаза тапты. Жылдар бойы айыппұл төлеу, несиені жабу, үй беру секілді материалдық көмекпен құтылып келеді. Еңбек кодексі, құқығы бұзылып отыр. Жалпы олар қандай талаптарды орындамай отыр?

- Бұл жерде еңбек құқығына қатысты мәселеде көп нәрсе сақталмаған деп ойлаймын. Ол жердегі болатын трагедиялардың алдын алу, олардың болмауын қамтамасыз ету инвестордың жауапкершілгінде. Содан кейін Қазақстан билігінің оны бақылауға, ескертуге жасауға толықтай құқығы бар.

- Дегенмен БАҚ бетінде тараған ақпараттың көбі осы АрселорМитталды кінәлауға бағытталған. Үкіметті ашық сынап жатқан, олардың жауапкершілігін жазып жатқан дерек аз.

- Меніңше, Қазақстан үкіметі бұл проблемаларды, жауапкершілікті мойнынан алып тастамайды. Байқоңыр секілді жалға берген жер болса, басқа мәселе. Ол жақтағы статус басқа. Сонда да, қандай да бір экологиялық залал үшін Ресей жауапкершілік тартылады.

Жалпы осы болып жатқан оқиғалардың, яғни Қазақстан үкіметінің тезарада зауытты өзіне қайтару туралы шешімі біз үшін, яғни халық үшін жақсы екені белгілі. Алайда таяқтың екінші ұшы бар.  Мәселен, экспроприация қаншалықты заңды болғанымен, бұл енді келейін деп жатқан инвесторлар үшін негативті практика болуы мүмкін. Бірақ, келесі келетін инвесторлар адам капиталы, құқығы деген мәселеде аса мән беретін болады. Бұл трагедия әлі ұзақ зерттеуді қажет етеді. Прокуратура тікелей жауапкершілігіне алып, істің мәніне баруы тиіс.

Мұндай трагедиялық жағдайлар мұнай компанияларында жиі болады. Мәселен, Ұлыбританияда Piper Alpha мұнай платформасында өрт болған. Сол кезде оператор төтенше жағдайға жеткілікті түрде дайындалмаған және реттеуші «үстірт» тексерулер жүргізгені және қауіпсіздікті басқаруды бағаламағаны үшін сынға алынды.

- Келесі келетін инвесторге 3 млрд АҚШ долларын үш жыл бойы салуды және алғашқы 1,3 млрд АҚШ долларын тездетіп беруді қарастырып отыр. Ол инвестордің қазақстандық болуы да мүмкін екені айтылды.

- Иә, әрине. Инвестор ретінде тек шетелдік инвесторлар ғана емес, сонымен қатар Қазақстандық жеке тұлға да, заңды тұлға да бола алады.

- Рақмет!

Taulik.kz

Loading...