Мәзір
25 желтоқсан, 2023 / taulik / Жаңалықтар

«Олардың ашкөздігі адамдардың өліміне себеп болды»: кеншілер құқығы неге қорғалмайды?

Қазақстандағы кеншілер құқығы.

«Олардың ашкөздігі адамдардың өліміне себеп болды»: кеншілер құқығы неге қорғалмайды? «Олардың ашкөздігі адамдардың өліміне себеп болды»: кеншілер құқығы неге қорғалмайды?

29 қазанда Қарағанды ​​облысында Костенко көмір кенішінде метан жарылысы болды. Апат кезінде ішінде 252 кенші болған. Олардың 205-і ғана жер бетіне шығып үлгерген. Құтқару жұмыстарына жедел штаб пен жергілікті төтенше жағдай департаменті ресурсы араласты

Жарылыс толқынынан 2 шақырым радиустағы аудандарда байланыс үзілді.  Сағат 16:00-дегі жедел штабтың мәліметі бойынша, кеннің бірнеше аумағында өртпен күрес жалғасты. Сол күні кешке 45 кеншінің денесі табылғаны белгілі болды. Ал 46-шы кеншінің денесін 9 күннен кейін жер бетіне шығару мүмкін болды. Жарылыстан тағы 24 кенші жарақат алған. Олар емханаға жеткізіліп, көмек көрсетілді. 

Павлодардағы кеншілер қауіпсіздігі бойынша маман Қанаттың (есімі өзгертілді) ойынша, «АрселлорМиттал Теміртау» кенішінде ең қарапайым қауіпсіздік жағдайлары да жасалмаған. Ол кеніште газ шыққан кезде газ жүйесінің сенсоры, төтенше жағдай жайлы ақпаратты автоматты түрде жіберуі керек еді деп есептейді.

“46 кеншінің ескертуді естімей, жерастында қалып, қаза табуы мүмкін емес. Адамдар тіпті апат орын алғаны жайлы білмеді, шығуға уақыттары болмады. Егер оларда газ жүйесі болса, жерастында қалған кеншілер хабардар болатын еді. Екі нұсқаның біреуі орын алды: Кеніште газ жүйесі ескірген немесе  мүлдем жоқ”, – деді ол. 

Соңғы 18 жылда «АрселорМиттал. Теміртау» кеніштерінде 155 кенші қаза тапты.

Төтенше жағдайлар министрлігі дерегінше, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында 2005-2021 жылдар аралығында 26 апат тіркелген. 98 адам қаза тапқан. 23 кенші жеңіл, ал 34-і ауыр жарақатпен аман қалған. 

2022 жылдың қарашасында  “АрселорМиттал Теміртау” меншігіндегі Ленин атындағы кеніште болған апат салдарынан бес кенші қаза тапты. Осылайша қаза тапқандардың жалпы саны жүз адамнан асты. Ал осы жылдың тамыз айында “Қазақстандық” кенішінде апат болып, тағы бес кенші өмірден озды. Қазандағы Костенко апатын есептегенде соңғы 18 жылда бір компанияға тиесілі кеніштердегі қауіпсіздікті сақтамау салдарынан жалпы саны 155 кенші қаза болған. 

Zakon.kz басылымының жазуынша, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері кеніштегі апаттардан 183 кенші қаза тапқан. 

1994 жылдың көктемінде Саран қаласы маңындағы Ақтас ауылындағы кеніште өрт салдарынан 11 кенші мерт болды. Бірнеше ай өтпей Шахтинск қаласына жақын орналасқан «Қазақстандық» кенішінде конвейер дрейфінде газ бен көмір шаңы жарылысынан 14 адам қаза тапты.

2006 жылы Шахтинск қаласындағы «Ленин» кенішінде ірі апат болды. Метан жарылысынан 41 адам қаза тапты. Ал 2013 жылы Қарағанды ​​облысындағы «Абай» кенішінде 400 метр тереңдікте метан-ауа қоспасы жарылып, нәтижесінде өрт шықты. Апат салдарынан 30 адам қаза тапты, 21 адамның мәйіті табылмады. «Ақтөбе мыс компаниясының» төрт қызметкері жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қаза болды. 

Аталған апаттар толық тізімнің бір бөлігі ғана. 

 «Олардың ашкөздігі адамдардың өліміне себеп болды»

Медет (есімі өзгертілді) есімді екібастұздық 40 жыл бойы кенде істеген. Биыл зейнетке шыққан ол Қазақстанда кеншілерге жағдай жасалмағанын айтты. 

“Қызметім электромонтер. Жұмысым жоғары электр кернеуімен байланысты, ең қауіпті қызметтердің бірі. Ол 10 000 вольт айнымалы тоқпен жұмыс істедім, ол соққанда адамды өлтіріп қана қоймай, денені танымайтындай күйдіріп жібереді”, –  дейді ол MNU Newsroom тілшісіне.

Сөзінше, оған жұмыс кезінде қажет құрал саймандар мен арнайы киім толық берілмеген. Одан бөлек, техникалық құжаттама толық қамтылмаған. Ал тепловоз қозғалысы не газ ластануы туралы да ақпаратты алдын ала алу мүмкін болмаған. 

Кеншінің наразылығын тудырған жалақы мәселесі де бар. Оның айтуынша, отбасында бала болса күнделікті шығындарды есептегенде, жалақы мардымсыз. Ол балабақшаға, балаға киім алып беру,  олардың білім алатын орталықтарына, тіпті күн сайын құны өсіп келетін комуналды төлемдерге, алған жалақы бірден кетеді дейді.

“Басшылықты тек көмір өндіру ғана мазалайды. Кеншілер қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанына мән бермейді. «АрселорМиттал Теміртау» кенінде болған апат басқа кендерде болуы тіпті мүмкін. Табыс аздығынан кеншілер қауіпті жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Менің ойымша олардың ашкөздігі адамдардың өліміне себеп болды”, –  деді ол. 

Кендегі жұмыс кезінде мерт болған әке

Екібастұз қаласының тұрғыны Серік Тілеубек қазір кенші болып еңбек етеді. Оған дейін мұнда Серіктің әкесі электр маманы болған. Оның айтуынша, әкесі 56 жасында кендегі жұмыс кезінде мерт болған. 

“Қараша айының аяғында, кеніштің аймағында толған ағаш бұтақтары жатты. Оларды жинауға жоғарыдан бұйрық беріліп, электриктерді аумақты тазартуға жіберді. Жұмысшыларға бұтақтарды «Зил» атты жүк көлігіне жинауы керектігі айтылды. Әкем епті адам еді, бұтақтарды тез жинау мақсатында жүк көлігінің үстіне шығуды ұйғарды. Төменнен бір адам жинаса, екіншісі қабылдап тұрды. Жүк көлігі биік болған, қателеспесем 2,5 метр. Бұтақтарды үстіне жіберу қиын болды, арнайы баспалдақ берілмеген. Әкем аяғы тайып, жүк көлігінен құлаған кезінде басынан соққы алып, бесінші-алтыншы омыртқасын сындырып алды”, –  дейді Тілеубек.

Ол жұмыс берушінің кінәсін растайтын құжаттарды түгелдеп жинаған. Оның айтуынша, қызметкерлерге жұмыс процесі жайлы бұйрық жазылмаған. Әдетте, жұмыс жоспарын ұсақ-түйегіне дейін жазу міндеттеледі. Содан басшылық жұмыскерлерге тиісті экипировка бермеген. Әкесі қыс кезінде, көктайғақ далаға көктемгі аяқ киіммен шыққаны жайлы айтты.

“Құжаттарды жинап, бас директорға бардым. Оларды сотқа беруге толық құқығым болды. Сол кезде, өлімге әкем өзі кінәлі екенін құжатқа жазуды сұрады. «Әкеңді ешкім қайтарып бере алмайды, ал кәсіпорынымызда бұл қара дақ болып қалады» деді ол,” – деді Тілеубек MNU Newsroom тілшісіне.

Оның айтуынша, басшылық үнсіздік үшін, жерлеу рәсімін өздері қолға алып, отбасына әкесінің он жылдық жалақысын төлеуге, жұмысқа орналасуға көмектесуге уәде берген. Сол күндері қаржылай қиындықта болған Тілеубек келісімге келген. 

Кәсіподақ кеншілер құқығын қорғай ма?  

Кәсіподақ – жұмысшылардың біріккен ұйымы. Оның негізгі міндеті  – кеншілердің еңбек жағдайын жақсарту, жұмысшылардың құқығын қорғау. Кәсіподақ пен кеніштің арасында ұжымдық шарт болады. Құжатқа сәйкес, келісім-шартқа отырған жұмысшылардың жалақысының 1 пайызы кәсіподақ қызметіне жіберіледі.

Екібастұздағы кеншілердің құқығын қорғайтын кәсіподақ басшысы Таңат (есімі өзгертілді) кеншілердің жұмысын жақсарту мақсатында не қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мерзімді түрді қызмет орындарын аралайтынын айтты. 

“Жұмыс орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін техникалық инспекторлар атынан кәсіподақ қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалайды. Қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша профилактикалық жұмыстарды жүргізеді. Жұмыс берушіге жабдықты жаңарту және жұмыс орнындағы жағдайды жақсарту міндеті жүктелген. Қауіпті жағдайда жұмыс атқаратын қызметшілерге кәсіподақ атынан санаториялық-курорттық емделуге тегін жолдамалар беріледі”, – деді ол.

Десе де, екібастұздық кеншілер кәсіподақ жұмысына қанағаттанбайтынын білдірді. Олардың ойынша, қарапайым арнайы киім де уақытылы берілмейді. 

Екібастұздық кенші Олжас Болатовтың сөзінше, жұмыс киімінің сапасы өте нашар. “Жазғы да, қысқы да экипировка бір жылға шыдамайды” дейді.

“25 жыл бұрын экипировканың сапасы жақсырақ болса, қазір басшылық белсенді түрде барлық қаражатты үнемдеп жүреді. Сәйкесінше, кеншілерге арзан форма беріледі, ал кәсіподақ оны қадағаламайды,” – деді Болатов.

Теміртаудағы кен орындарына 30 жыл бойы үнді текті ағылшын миллиардері Лакшми Миттал иелік етті. Қазақстан үкіметі 8 желтоқсанда “АрселорМиттал Темиртау” компаниясының жаңа инвесторын жариялады. Ол – Allur Auto компаниясы жетекшісі Андрей Лаврентьев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев келіссөз барысында компания 286 миллион долларды құрағанын айтты. Оның сөзінше, бұл сомаға Миттал меншігіндегі Ақтау труба зауыты да кіріктірілген. 

“Біз бұл келіссөздерді жүргізуге республикалық бюджеттен қаражат жұмсамадық,” – деді Шарлапаев. 

Айым Жаныбекова
MNU Newsroom

Апта талқысында: