Ата-ана-оқушы-мұғалім – іс-әрекеттегі мейірімділік пен ұлттық құндылықты нығайтудың кепілі

Ата-ана, оқушы және мұғалім арасындағы байланыс.

29 қаңтар 2024 жылы Алматы қаласы,Бостандық ауданында орналасқан  М.В.Ломоносов атындағы №38 Қазақстан-Ресей гимназиясында  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен “Ата-ана-оқушы-мұғалім - іс-әрекеттегі мейірімділік пен ұлттық құндылықты нығайтудың кепілі” атты қалалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Семинардың мақсаты: ата-ана-оқушы-мұғалім байланысы арқылы оқу процесіндегі ұлттық құндылықты нығайту мен дәріптеу.

Семинарды гимназиямыздың директоры Досаева Гулжан Досаевна ашып берді. Семинарға педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ХПБҒА академигі Оразбаева Фаузия Шамсиқызы, ата-аналар және қаланың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері келді. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ХПБҒА академигі Оразбаева Фаузия Шамсиқызы  «Ұлттық тәрбие-даналықтың көзі» тақырыбында сөз сөйледі.

Ата-аналар комитетінің төрайымы Кулумбетова Алия Калысбековна «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі»атты баяндама оқыды. Мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Кужакова Света Бахытовна «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында ұлттық тәрбие құндылықтарын қалыптастыру» тақырыбында баяндама оқыды.

Тәжірибе алмасу мақсатындағы өткен қалалық семинардың бағдарламасына сәйкес тренингтерді мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Бекетова Айжан Бекетовна, Налибаева Ақерке Ауезовна, Талғатқызы Тұлдыз жоғары деңгейде жүргізді. Бекбосунова Жанна Амановна, Джумагалиева Самал Едресовна, Утелиева Айгерим Саденовна сияқты мұғалімдер оқушыларды сахналық көрініске дайындап,сахнаға шығарды. Қызықты ойындарды Кадірбек Роза Кадирбековна,Доспосынова багдагуль Комунаевна, Буланбаева Балауса Кенесовна, Бердикожаева Гульбану Жамбуловна жүргізді.Танымдық жағдаяттық сұрақтар қойылып, семинар қонақтары белсене қатысып,гимназиямыздың талантты оқушылары мың бұралып, күмбірлеген күймен құлақтың құрышын қандырып,әсем әуенмен әуеледі. Мектеп парламенті жиналған қонақтармен, ұстаздармен түрлі ойындар өткізіп, өздерінің жасаған жұмыстарымен таныстырды.

“Үштіктің өзара тығыз  қарым-қатынасы арқылы ұлттық құндылықты дамыту, баланың бойына сіңіруді мұрат еткен семинар мақсатына жетті”,- деп сөзін түйіндеді Фаузия Шамсиқызы. Қазақ тілінде сөйлеп тұрған оқушылардың өнеріне сүйсінген семинар қонақтары мұны қазақ тілі кафедрасы мұғалімдерінің еңбегі деп әділ бағалады. Жас мамандарға әдістемелік қоржындарын толтырып, рухани азық болған семинар “Қазақ тілі” әнімен әдемі аяқталды.

Налибаева Акерке Ауезовна

Алматы қаласы, Бостандық ауданы

М.В.Ломоносов атындағы № 38 Қазақстан-Ресей гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Loading...