Адамзат баласы жаратылғаннан бері адамды адам етіп тұрған, оның бойында кездесетін сом алтынға пара-пар асыл құндылықтар бірге жасасып келеді. Сондай қымбат құндылықтар – Отанға деген махаббат, туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлт мүддесін бірінші орынға қоятын ұлтжандылық сынды қасиеттер.
Неміс ақыны Гётенің: «Адамның бойындағы құрметтеуге тұратын ең ұлы қасиет - өз Отанына деген махаббат», - деген сөзінің жаны бар. Біздің Отанымызға деген махаббатымыз туған жерімізге деген патриотизм сезімімізді тудырады. Көпұлтты мемлекетіміздің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, шұрайлы тілі мен асыл діні, тағылымды тарихы мен ұлт қазынасына толы әдебиеті, мәдени және тарихи орындары, тау-тасы, өзен-көлі, қырат-жотасына дейін құрметтеп, қастерлеуге лайықты рухани құндылықтарымыз. Осы құндылықтарды сақтап, болашаққа аман жеткізуде нағыз ұлтжанды, тәрбиелі, білімді, айналасына мейірімді, патриот азаматтарды тәрбиелеп шығарудың маңызы үлкен.
Бүгінде көптеген ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, олардың қастерлі мекеніне айналған Қазақстанымыздың зайырлылық, толеранттылық сипаты қоғамдағы конфессияаралық келісімге негізделген. Қазіргі Қазақстан – көпмәдениетті, көпэтносты және көпконфессиялы мемлекет, сол үшін мемлекетімізде конфессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайту азаматтық қоғам тұрақтылығының негізгі факторларының бірі болып табылады. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда этностар мен конфессиялар арасындағы қарым-қатынастың тұрақты үлгісі қалыптасты. Қазіргі жаһандану дәуірі этникалық мәдениеттердің өзара әрекеттесуі мен өзара ықпалының интеграциялық үдерісімен сипатталады.
Қоғамымыздағы конфессияаралық келісімнің берік іргетасы – толеранттылық. Қазіргі таңда қазақ қоғамындағы толеранттылық халықтардың ажырамас құндылығы ғана емес, менталитетінің бір бөлігіне айналды. Қазақстанда әрбір адам туылған сәтінен бастап көп ұлтты қоғамда тәрбиеленіп өседі және ол үшін өзге ұлттардың сыртқы келбетіндегі, дәстүрлері мен тілдеріндегі айырмашылықтар ғажайып жаңалық бола алмайды.
Көпұлтты мемлекет ретінде өзіміздің ұлттық болмысымызды жаңғыртудың да маңызы зор. Біздің туған тіліміз, төл тарихымыз, мәдени мұрамыз халқымыздың рухани құндылықтары ретінде дәріптелуі тиіс. Өз Отанымның ұлтжанды азаматы ретінде мені мазалайтын тағы бір маңызды мәселе - ұлттық құндылығымыз болған тіліміз бен дініміз, тарихымыз мен мәдениетіміз, салт-cана, әдет-ғұрпымыздың бүгінгі таңда көмескі тартып, ұлттық болмысымыздың болымсызданып, ұлтттық келбетіміздің кері кетіп бара жатқан кескіні алаңдатады. Әсіресе, қазіргі жастарымыздың өз тілін шұбарлауы, мәдениетінен хабары болмауы, тарихын танымауы, түрлі деструктивті діни идеологияның қақпанына түсіп, жат ағымдардың жетегіне ілесуі өзекті өртейтін осы күннің шындығы.
Бүгінде бүкіл әлемде өршіп тұрған маңызды мәселе – діни экстремизм мен терроризмнен келетін қауіп-қатер. Зайырлы мемлекетіміздегі діни құндылық руханиятымыздың, әсіресе жастар арасында иман байлығына қызығушылық артқан демократиялық көпконфессиялы қоғамымыздың бөлінбес бөлшегі. Алайда, дін мәселесі мемлекеттің дін істеріне, бір жағынан адамның жеке рухани дүниесіне араласпауына негізделген діни толеранттылық нәтижесінде мемлекеттің қоғамдық қауіпсіздікті және өз мемлекеттілігін деструктивті діни идеялардан, діннің экстремистік сипатынан қорғаудың ең өткір бағытын талап етеді.
Дін мен дәстүр мәселесін жолға қою, жат діни ағымдардың алдын алу шаралары елімізді түрлі діни эксремизм мен терроризм қаупінен сақтайды. Дін, ең алдымен, халықтың сан ғасырлар бойы дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан адамгершілік құндылықтарына негізделеді. Ұлттық дәстүрмен сусындаған дін – қоғамдағы имандылық пен мейірімділіктің, адамгершілік құндылықтар мен тыныштықтың негізі.
Мемлекетіміздің зайырлы сипаты мемлекетті діннен бөлек қарастырады. Десе де, қоғамның өзін діннен бөлуге болмайды, өйткені дін тек сенім мәселесімен ғана емес, имандылық мәселесімен де тікелей байланысты. Дін саласында дұрыс білімі жоқ өскелең буын өздерін дәстүрлі діндерге еш қатысы жоқ деструктивті секталарға азғырып, исламның ізгі идеяларының артына жасырынатын жалған діни ағымдардың тәжірибелі адамдарының ықпалына оңай түсіп кетуі мүмкін. Олардың мақсаты - адами құндылықтарды алмастыру және қоғамға хаос себу, қоғамның негізін бұзу. Атап айтқанда, деструктивті діни ағымдардың қатарында Қазақстанда кең етек алған салафиттік ағымды жақтаушылар бар. Олар қоғамға тек сенім тұрғысынан ғана емес, мұсылмандық әдеп, шариғат тұрғысынан да зиянын тигізеді. Ал дінді дұрыс түсініп, түрлі деструктивті ағымдармен шатастырмау үшін тәжірибелі теологтар жұмыс істейтін дін қызметкерлеріне жүгіну керек.
Қорытындылап айтқанда, көп ұлт өкілдерінің мекеніне айналған Қазақстанның бүгінгі конфессияаралық және діни саладағы ахуалы біртіндеп реттеліп келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктер арасында ынтымақтастық пен өзара түсіністікке негізделген жақсы қарым-қатынас қалыптасқан. Бірлескен іс-шаралар, ең алдымен, діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұруға, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған.
Рахимбек Ерсұлтан Нұрболатұлы
Материал Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасымен ұйымдастырылған байқауға қатысу мақсатында дайындалған