Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Израильге Түркия тарапынан басып кіру мүмкіндігін ескертті. Бұл өткір мәлімдеме Ризе провинциясында өткен партиялық жиналыста айтылды, деп хабарлайды Haberler.
Ердоғанның сөзіне қарағанда, Израильдің Палестинаға қатысты әрекеттеріне тосқауыл қою үшін Түркия өте күшті болуы қажет:
«Біз өте күшті болуымыз керек, сонда Израиль Палестинаға қатысты осындай әрекеттерді жасай алмайды. Қарабах пен Ливияға кіргеніміздей, мұнда да осылай жасаймыз. Бізге ештеңе кедергі болмайды. Бұл қадамдарды жасау үшін біз тек жеткілікті күшті болуымыз керек», - деді Ердоған.
Естеріңізге сала кетсек, Армения мен Әзірбайжан арасындағы соңғы қарулы қақтығыс кезінде Әзірбайжанға Қарабахтағы бақылауды қалпына келтіруіне Израиль мен Түркиядан қару-жарақ жеткізілімі ықпал етті. Соғыстан кейін түріктер де аймаққа өз әскерлерін жіберген болатын.
Бұл мәлімдеме Түркияның аймақтық саясаттағы белсенділігін тағы бір мәрте көрсетті және алдағы уақытта Түркия-Израиль қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін. Ердоғанның бұл сөздері Палестина мәселесінде Түркияның қатаң ұстанымын және аймақтық көшбасшы болуға деген ұмтылысын анықтайды.