Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
15 желтоқсан, 2024 / taulik / Сараптама

Әлемдегі ең қауіпті он адамның бірі Игнатова қайда?

Бұл оқиғаға Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің қандай қатысы бар?

Әлемдегі ең қауіпті он адамның бірі Игнатова қайда?

Ружа Игнатова — болгариялық кәсіпкер, 2014 жылы OneCoin деп аталатын қаржы пирамидасын құрып, әлемге танымал болған әйел. Алайда Ружа Игнатова деген кім? Ол не үшін ФБР-дың дүниежүзіндегі іздеу салған ең қауіпті 10 адамының қатарына кірді? Ружа туралы кез келген ақпаратқа (сенімді) 100 мың АҚШ долларын беру туралы да шешім шықты. Болгариялық кәсіпкер әйелдің артында қандай құпия бар? Әлі күнге дейін не өлі, не тірі екені белгісіз Игнатованың қылмыс әлемімен қандай байланысы бар? Ең қызығы, бұл оқиғаға Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің қандай қатысы бар? BBC дайындаған деректі фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын ықшамдап ұсынып отырмыз.

Ружа Игнатова. Фото: Ашық дереккөз

Криптовалюта әлемінің ханшайымы

Қазіргі қаржы әлемінде криптовалюта технологиялары үлкен революция жасады. Бірақ, бұл сала алаяқтық әрекеттер үшін де өте қолайлы ортаға айналды. Соның ең танымал мысалдарының бірі — Ружа Игнатова құрған OneCoin қаржы пирамидасы. Өзін «Криптовалюта әлемінің ханшайымы» деп атаған Ружа Игнатова криптовалютаның болашағы жайлы үлкен уәделер беріп, әлемдегі миллиондаған адамды сендірді. Бірақ, шын мәнінде бұл жоба тарихтағы ең ірі қаржы алаяқтықтарының бірі еді.

2014 жылы Болгариялық кәсіпкер Ружа Игнатова OneCoin атты жобасын таныстырды. Ол OneCoin-ды «Bitcoin-нан да мықты» деп сипаттап, оны жаңа заманның қаржы құралы ретінде жарнамалады. Криптовалюта әлемінде блокчейн технологиясы негізгі элемент болып саналса да, OneCoin-ның блокчейн негізінде жұмыс істемегені анықталды. Бұл, шын мәнінде, жалған криптовалюта болғанын дәлелдеді. Қазіргі кезге дейін бұл қаржы пирамидасы 4 млрд АҚШ долларынан көп ақшаны қолды қылған. Оның жасанды криптовалютасына 3 миллионнан аса адам ақша салған. Оның ішінде банктен үлкен көлемде қарыз алғандардың саны көп.

Игнатованың жеке хатшысы болған Гэри Гилфордт. Фото: BBC

Игнатованың жеке хатшысы болған Гэри Гилфордт былай дейді:

«Ол өте ақылды әрі тартымды әйел болатын. Ол байлықты жақсы жақсы көрді және оны басқалардың білгенін қалады. Онымен жұмыс істегің келіп тұрады. Өзіне тән болмысы мен сөйлесу мәнері болды. Қандай шара ұйымдастырса да, оны шулатып өткізетін».

Игнатова OneCoin деп аталатын криптовалютасын қаржы революциясы болып жатқан кезде іске қосқан.  Алайда, оның криптовалютасы цифрлық ақшаға лайық барлық атрибуттарды қамтығанымен, ол шындығында ешқандай цифрлық жүйеге құрылған ақша емес-ті. Бұл қарапайым, классикалық формадағы қаржы пирамидасы болатын.

OneCoin компаниясы Болгариядағы пайда болғанымен, оның қаржылық активі мен заң шеңберіндегі жұмыстарының бәрі Ұлыбританияда жүргізілген. Бұл Игнатоваға одан әрі күшеюге мүмкіндік жасаған.

Тағы бір маңызды ақпарат, Ружа Игнатованы «доктор Ружа» деп атаған. Себебі ол қаржы саласының докторлық деңгейдегі атағын да алған. Оксфорд түлегі.

Миллиард доллардың артындағы «қара жәшік»

Ричард Рейнхард. АҚШ-тың бұрынғы салық басқармасының із кесушісі. Ол да Игнатова ісімен айналысқан. Кәсіпкерді алғаш көрген кезде-ақ, оның алаяқ екенін түсінген. Зерттеу, талдау және із кесу арқылы оның артында 4,5 млрд АҚШ долларының ізі жатқанын түсінген.

Ричард Рейнхард. Фото: BBC

«Жүздеген миллион долларды «ауада тұрған» компанияға аударып отырған», - дейді Рейнхард.

Игнатова миллиардтаған ақшаны алу үшін нақты схема құрып жұмыс істеген. Себебі ол OneCoin арқылы бұл ақшаны жеке өзіне шығарып ала алмас еді. Осы жерде оған оның сөйлесіп жүрген жігіті көмектескен.  Ол – Гильберд Арменто.

Гильберд Арменто. Игнатованың жігіті. Фото: BBC

2017 жылы АҚШ ақыры Арментоны қолға түсіреді. Жігіт арқылы Игнатованы таппақ болады. Екеуінің арасында диалог болған. Телефон арқылы сөйлескен. Бір қызығы ФБР арқылы жұмыс істеп отырған Арменто сөйлесу кезінде өзін ұстап берген. Осыдан кейін Игнатованы көрген, ол туралы қандайда бір ақпарат алған адам жоқ.

«Бәрін білетін» Фрэнк Шнайдер. Ол кім?

Фрэнк Шнайдер – бұрынғы шпион. Кейін өзінің жеке детективтік компаниясын құрған адам. Ол Игнатова ұсынған үлкен ақшаға келісіп, онымен тығыз жұмыс істеген.

One Coin компаниясының қауіпсіздік жөніндегі басшысы - Фрэнк Шнайдер. Фото: BBC

Шнайдер берген ақпаратқа қарасақ, Игнатованың Болгарияда таныстары болған. Оның ішінде: құқық қорғау саласында, прокуратурада және полицияда.

Осы зерттеуге қатысқан журналистің бірі Шнайдер берген ақпараттардың толық емес екенін, Игнатова жайлы толық ақпарат білетін адам сол екенін айтады. Тіпті ол Шнайдер айтқан ойлардың бәріне сенбеу керегін айтады.

BBC деректі фильміне сұхбат беріп, бәрін ашық айтуға тырысқан Шнайдер сол кезде үй қамақта болған. Алайда кейін ол жоғалып кеткен. Мүлде. Қайда кеткенін ешкім білмейді.

Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович және В.Путин.

Шнайдер маңызды ақпарат айтпағанымен, журналистерге аса құпия әрі күдік тудыратын құжаттарды берген. Онда жеке тұлғаларға қатысты деректер болған. Соның ішінде Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің аты аталады.

Құпия есім «Таки».

Зерттеушілер Игнатованың қылмыс әлемімен байланысы барын білген, бірақ дәлел келтіре алмаған. Тек Шнайдер ғана оның жай ғана қылмыс әлемінің өкілдері емес, Болгариядағы ең қауіпті әрі қылмыс әлемінің ең биігінде тұрған Таки есімді адаммен байланысты болғанын айтады. Такидің шын есімі – Христофорос Никос Аманатидис.

Христофорос Никос Аманатидис немесе "Таки". Фото: BBC

Шнайдердің айтуынша, Игнатованы қылмыс әлемінің өкілдері қорқытып, он миллиондаған доллар беруін талап еткен. Талап орындалмаса, өзі және отбасы үлкен проблемаға ұшырайтынын айтқан. Ал BBC журналистері кәсіпкерді қорқытқан адамды тапқан. Оның есімі – Гэри Мерфи. Бұл британиялық белгілі гангстер болған. Бір қызық дерек бар, гангстер алдымен кәсіпкерді қорқытады, алайда уақыт өте келе OneCoin компаниясымен жұмыс істеген.

Гэри Мерфи. Фото: BBC

Зерттеу нәтижесінде Игнатованы өлтірген немесе оның жоғалып кетуіне тікелей қатысы бар адам ретінде Таки аталады. Ал Ружа Игнатованың өлі не, тірі екенін ешкім білмейді. Бірі Таки оның көзін құртқан десе, бірі Игнатова мен Шнайдер де тірі, бәрі бірге бізбен бірге әлі де болса бақытты күн кешіп жатыр деп есептейді.