Ranking.kz порталы аудиторлық есептер мен Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратын бақылай отырып зерттеу жүргізді. Мұнда банктер мен тиісті банк холдингінің еншілес ұйымдары қарастырылған. Өйткені олар қаржы институты құрылымының бір бөлігі.
Талдау ақпараттарына сүйенсек, еліміздегі екінші деңгейлі банктер арасында өткен жылы ең ірі салық төлеуші финтех Kaspi.kz болды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, топтың салық аударымдарының сомасы 230 миллиард теңгеден асқан. Kaspi.kz Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыратын 11 еншілес ұйымды қамтиды. (Шетелдік еншілес ұйымдары есепке алынбады)
Екінші орынды Halyk — Halyk Bank тобы мен еншілес ұйымдары иеленді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл банктің салық сомасы 222 миллиард теңгеден асқан. Ақпаратта банктің Қазақстандағы 10 еншілес ұйымы есепке алынды.
Kaspi.kz пен Halyk-тың төлеген салықтарының жалпы сомасы 450 миллиард теңгені құрады. Бұл елдің 12 ірі банкі төлеген барлық салықтардың 64%-ын құрады.
Топ үштікке сонымен қатар, ЦентрКредит Банкі және оның төрт еншілес ұйымы кірді. Оның салық сомасы 64,6 миллиард теңге болған. Ал алғашқы бестікке Отбасы банкі (дербес ұйым, еншілес ұйымдарсыз: 38,4 млрд теңге) және Еуразиялық банк тобы (37,8 млрд теңге) кірді.
Айта кету керек, Отбасы банкінен басқа, еншілес ұйымдары жоқ, екінші деңгейлі банктер арасында Ситибанк Қазақстан (америкалық банкті еншілесі) мен Bereke Bank және Altyn Bank (Қытайдың еншілес қаржы институты) бар.
Осыдан-ақ, еліміздің банк секторлары миллиардтаған сомаға бюджетті толықтырып, Қазақстан экономикасының негізгі бөлігінің бірі болғанын көріп отырмыз.
Жалпы, елімізде екінші деңгейлі банктердің белсенділігі мен ел экономикасындағы рөлі жоспарлы түрде өсуде. Мәселен, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктер активтерінің сомасы бір жылда 21,4% - дан 58,1 триллион теңгеге дейін өскен. Бес жылдық кезеңде активтер бірден 2,2 еседен астам деңгейге ұлғайды.
Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктердің активінің елдің жалпы ішкі өніміне қатынасы бір жыл ішінде 43,1% -дан 46,5%- ға дейін көтерілді. Бұл айтарлықтай елеулі көрсеткіш.