Бұл сұраққа сарапшы Qazaq Airan Youtube арнасына берген сұхбатында жауап берді. Тахир Халимназаровтың айтуынша, бұл іс қоғам назарында болғандықтан, сарапшыларды сатып алу мүмкін емес еді.
"Істі тергеу барысында қоғам мен бақылаушы органдардың назарында болғаны бәріне белгілі. Осы себепті маған ақша ұсыну ешкім үшін қауіпсіз емес еді. Себебі тергеуші қаулы шығарған кезде сарапшылардың аты-жөндері анық көрсетіледі. Олардың басқа жақтан шығып, байланыс орнатуы қауіпті әрекет болар еді. Сондықтан маған ешкім хабарласпады", – деді сарапшы.
Нүкенованың мәйітін зерттеу процесі
Сонымен қатар сарапшы Салтанат Нүкенованың мәйітін зерттеу барысындағы қиындықтарды атап өтті.
"Салтанат Нүкенованың мәйітін біз тікелей зерттеген жоқпыз. Оны Астанадағы екі сарапшы зерттеп, барлық дәлел мен өлімнің себебін жазып, қорытынды ұсынды. Біз сол қорытынды негізінде шешілмей қалған сұрақтарға жауап іздедік. Алматы сот-медицина орталығында бұл мәселелерді қайта қарап, анықтадық. Бірінші сараптама барлық сұрақтарға жауап бермейді, сондықтан біз қосымша зерттеулер жүргіздік", – деді ол.
Сарапшының тәжірибесіндегі ауыр оқиғалар
Тахир Халимназаров бұл іс өзінің тәжірибесіндегі ең ауыр оқиға емес екенін айтты.
"Бұл жерде таңғалатын ештеңе жоқ. Мен бұл салада көп жылдан бері жұмыс істеймін, өкінішке қарай, бұдан да ауыр оқиғалармен бетпе-бет келдік. Мұндай жағдайлар бұрын да болған, бола да береді. Адамның өліміне себеп болған барлық жарақат анықталды. Енді сот-медицина сараптамасының қорытындысы сот үшін маңызды дәлелдің бірі саналады. Дегенмен, сот үкімді тек сараптаманың нәтижесіне сүйеніп емес, барлық дәлелдер мен айғақтарды сараптай отырып шығарады", – деді сарапшы.