logo
search
menu

Қара алтынның құпиясы: елдегі мұнай өндірісінің болашағы қандай?

Қазақстан үшін мұнай өндірісі ел экономикасының негізгі тірегінің бірі. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өзгеруі мемлекет бюджетіне тікелей әсер етеді.

10 қаңтар, 2025
Қара алтынның құпиясы: елдегі мұнай өндірісінің болашағы қандай?
Көрнекі фото: pixabay.com

Мазмұны

    Мұнай бағасының барреліне 70 доллардан төмендемегені ел үшін аса маңызды. Егер баға 50 немесе 40 доллардан төмендесе, Қазақстан әлеуметтік міндеттемелерді орындауда айтарлықтай қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бұл жағдай зейнетақы, жалақы және жәрдемақы төлемдерінде іркілістер тудыруы ықтимал. Сондықтан мұнай бағасының тұрақтылығы – елдің әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығының басты кепілі.

    Өндіріс көлемі: жеткен жетістіктер мен болашақ жоспарлар

    EGEMEN FINANCE Telegram арнасының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстан 90 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлағанымен, нақты көрсеткіш 87,7 млн тонна болды. Биыл Үкімет өндіріс көлемін 96,2 млн тоннаға жеткізуді мақсат етуде. Бұл өте үлкен меже болғанымен, оны іске асыруда бірқатар тәуекелдер бар. Әсіресе, Теңіз кен орнындағы келешек кеңею жобасының іске қосылу мерзімі әлі нақты белгісіз. Сонымен қатар, Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарында ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланбағаны биылғы өндіріс көлемінің артуына оң әсерін тигізуі мүмкін.

    Үш алып кен орнының рөлі

    Қазақстан мұнай өндірісінің 66%-ын қамтамасыз ететін үш негізгі кен орны бар: Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ. Теңіз кен орны кеңейтілсе, өндіріс көлемі тағы 12 млн тоннаға артады деп күтілуде. Бұл Ұлттық қордың толығуына және ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) өсуіне үлкен ықпал етеді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Теңіз кеңею жобасының арқасында бюджетке қосымша 1,4 трлн теңге табыс түсуі мүмкін.

    Экономикалық өсімнің перспективасы

    Егер мұнай өндірісіндегі жоспарлар сәтті іске асса, биылғы ІЖӨ өсімі 5,6% деңгейінде қалыптасады деп болжануда. Бұл көрсеткіш Қазақстан экономикасының өсімін тұрақтандырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, мұнай өндірісінің артуы елдегі экономикалық көрсеткіштердің жақсаруына тікелей әсер етеді.