Алматы облысында полиция жасөспірімді қуып, көліктің дөңгелегіне оқ атты
Алматы облысында полиция тоқтау туралы талапқа бағынбай, қашуға тырысқан жүргізушіні ұстау үшін көліктің дөңгелегіне оқ атты. Кейін рөлде жүргізуші куәлігі жоқ кәмелетке толмаған жасөспірім отырғаны анықталды, деп хабарлайды Taulik.kz сайты dalanews.kz-ке сілтеме жасап
Әлеуметтік желіде Алматы облысында полиция көлікті қуған сәт көрінетін видео тарады. Жазба авторының айтуынша, жүргізуші тәртіп сақшыларынан қашуға тырысқан. Оны тоқтату үшін полицейлер көліктің дөңгелегіне оқ атқан.
Алматы облыстық Полиция департаменті мәліметінше, оқиға Іле ауданының Жайнақ ауылында болған.
"Жүргізуші куәлігі жоқ кәмелетке толмаған жасөспірім полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабын орындамай, қозғалысын жалғастырған. Осылайша жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген. Көлікті тоқтату үшін тәртіп сақшылары қызметтік қару қолданған. Көлікті мәжбүрлі түрде тоқтату мақсатында полиция қызметкерлері қызметтік атыс қаруынан дөңгелекке оқ атты. Осыдан кейін көлік тоқтатылды", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Полицияның мәліметінше, жасөспірім көліктің жарығын жақпай жүрген. Оның әрекеті жолдағы басқа адамдарға қауіп төндіріп, жол апатына себеп болуы мүмкін еді.
Оқиғадан кейін полиция жасөспірімнің әкесін бала тәрбиесіне қатысты міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.