2024 жылы Қазақстанда республикалық бюджеттен 3 трлн 752,1 млрд теңге көлемінде зейнетақы төлемдері жүзеге асырылды. Бұл қаражаттың 1 трлн 182,3 млрд теңгесі базалық зейнетақыға, ал 2 трлн 569,8 млрд теңгесі ынтымақты зейнетақыға бағытталды.
Елімізде қанша зейнеткер бар?
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі зейнеткерлер саны 2 млн 451 мың адамға жетті. 2024 жылдың желтоқсанында қазақстандықтардың орташа жиынтық зейнетақысы 131 356 теңгені құрады, оның ішінде:
- Ынтымақты зейнетақы: 88 819 теңге
- Базалық зейнетақы: 42 537 теңге
2025 жылы зейнетақы бойынша қандай өзгерістер болады?
Жаңа жылдан бастап базалық зейнетақы төлемдері 6,5%-ға, ал ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға артады. Бұл өсім инфляция деңгейінен 2%-ға жоғары. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары базалық зейнетақыны 120%-ға дейін кезең-кезеңімен көтеру жоспарланған.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін өсіп, 32 360 теңгені құрайды. Ал ең жоғары мөлшері 105%-дан 110%-ға дейін артып, 50 851 теңге болады.
Зейнетақы қалай есептеледі?
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әр азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай жеке тағайындалады. Бұл ретте:
1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі ынтымақты жүйедегі еңбек өтілі;
Міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер есепке алынады.
Зейнетақы жүйесіне ертерек қатысқан азаматтар үшін төлем мөлшері жоғары болмақ.
Айжан ЖАРАСБЕКОВА,
"Тұран" университеті
Журналистика факультетінің 4 курс студенті.