Отандық және шетелдік сарапшылар ЖИ-дің заңнамалық үдерістің сапасын арттырудағы әлеуетін талқылап, оның артықшылықтары мен тәуекелдерін қарастырды.
ЖИ заң шығару сапасын арттыра ма?
Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект құқықтық жүйені терең зерттеуге, заң жобаларын тұрақты бағалауға және олардың орындалуын қадағалауға тың тәсілдерді ұсынуға мүмкіндік береді. Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік Бекжановтың айтуынша, ЖИ мен автоматтандыру нормашығармашылықтағы рөлін арттырып, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен тиімділігін нығайтады.
Новосібір мемлекеттік экономика және басқару университетінің доценті Андрей Макарцев ЖИ-ді толыққанды заң шығарушы ретінде қарастыру мүмкін еместігін, алайда оны көмекші құрал ретінде тиімді пайдалануға болатынын айтады. Мысалы, Бразилия жасанды интеллект жасаған заңды қабылдаған алғашқы ел атанды. Порт-Алегри қалалық кеңесінің мүшесі Рамиро Розарио ChatGPT көмегімен жазылған заң жобасын ұсынған болатын.
ЖИ-дің заң шығару үдерісіндегі рөлі
Ресей ғалымы Олег Шерстобоев парламенттерде жасанды интеллектіні заңнамалық үрдістерді талдауға, үлкен деректермен жұмыс істеуге, түзетулерді құқықтық негіздегі көздерімен салыстыруға және азаматтардың пікірін талдауға қолдануға болатынын атап өтті. Сонымен қатар, ЖИ парламенттік жұмыс үдерісін әкімшілендіруге, құжаттарды мұрағаттауға, заң жобаларының мониторингін жүргізуге, сондай-ақ халықпен кері байланысты жақсартуға көмектеседі.
Қазақстанда ЖИ-ді заңнамалық үдерістерге енгізу
Egemen.kz сайтында жарияланған Гүлнар Жолжанның материалына сүйенсек, Парламентаризм институты заңнамалық үдерісті цифрландыруға арналған алгоритмдер әзірлеуді, жасанды интеллектіні қолдану бойынша құқықтық негіз қалыптастыруды және қоғамдық мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, заң шығару үдерісіне ЖИ-ді енгізу бойынша нақты ұсынымдар әзірленді, бұл өз кезегінде заң шығармашылық үдерісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік сектордағы ЖИ
Камбоджада өткен жиында Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты аймағының өкілдері ЖИ-дің мемлекеттік секторға ықпалына талдау жасады. Корея және Халықаралық телекоммуникациялар одағының сарапшылары ЖИ-ді мемлекеттік басқаруда қолданудың стандарттары мен этикалық мәселелерін қарастырды. ЖИ мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, азаматтардың талап-тілектеріне жедел жауап беруге және тиімді шешімдер қабылдауға ықпал етеді.
Қорытынды
Жасанды интеллектті заң шығару саласына енгізу құқықтық жүйенің тиімділігін арттырып, мемлекеттік институттардың ашықтығын қамтамасыз етудің бірден-бір құралы болуы мүмкін. Дегенмен, оның тәуекелдері мен этикалық мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, ЖИ-дің әлеуетін тиімді пайдалану үшін халықаралық ынтымақтастық, білікті мамандар даярлау және заңнамалық үдерісті цифрландыру бағытында жұмыстарды жалғастыру қажет.
Томирис ҚУАНЫШЕВА,
"Тұран" университеті
Журналистика факультетінің 4 курс студенті.