Харбинде өтетін IX Қысқы Азия ойындарына Қазақстан атынан қанша спортшы қатысатыны белгілі болды. Бұл туралы Taulik.kz ойындарды ұйымдастыру комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
7 – 14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында IX Қысқы Азия ойындары өтеді. Азияның 34 мемлекеті қатысатын кешенді жарысқа елімізден жалпы саны 138 спортшы аттанбақ. Отандастарымыз спорттың 10 түрінен сынға түседі. Атап айтар болсақ: конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей, кёрлинг, тау шаңғысы, шаңғы жарысы, фристайл (могул және акробатика), биатлон, ски-альпинизмнен атлеттерімізге жанкүйер боламыз.
Еске сала кетейік, соңғы рет қысқы Азия ойындары 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен болатын. Ол кезде Қазақстан құрамасы 32 медаль (9 алтын, 11 күміс, 12 қола) иеленіп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтаған еді. Биыл осы нәтижені жақсарту көзделіп отыр.
Байділда Жангелді
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
Журналистика факультетінің 4 курс студенті