logo
search
menu

Шерхан Талап: Ақылы марапаттардың заңды күші жоқ

Шерхан Талап: заң мен тәртіпті сақтай отырып, елдігіміздің басты белгілеріне құрметпен қарауға тиіспіз. 

5 сәуір, 2025
Шерхан Талап: Ақылы марапаттардың заңды күші жоқ

Мазмұны

    - Шерхан мырза, жақында Атырауда мемлекеттік туға арабша жазу жапсырып, сұқ саусағын көтеріп суретке түскен төрт қыздың әрекеті қоғамда үлкен наразылық тудырды. Кінәлілерге қатысты сот үкімі де шықты. Жалпы, мұндай мәселелердің туындауына не себеп? Мемлекеттік рәміздерге құрмет неге кемшін?Алғашқы сұрағымды осы мәселеден бастағым келіп отыр.

    - Иә, мемлекеттік рәміздерге – ту, елтаңба, әнұранға қатысты қандай мәселе болсын, қоғамда үлкен резонас тудырары анық. Өйткені мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің белгісі, халқымыздың рухы, айбары. Біз үшін баға жетпес құндылық.

    Бұл жерде, мемлекеттік рәміздерге құрметтің кемшін болуының себептері көп, бірақ негізгісі – ұлттық сана мен тәрбиеге байланысты.

    Екіншіден, ақпараттық және білім беру жүйесінде рәміздеріміздің маңызы туралы жеткілікті түсінік қалыптаспауы мүмкін. Мектепте және қоғамда азаматтық тәрбиенің деңгейі, рәміздердің мәнін түсіну, оларға құрмет көрсету, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерге қатысты заң нормалары туралы ақпараттандыру жұмыстары әлі де күшейтуді қажет етеді.

    Мемлекеттік рәміздер заңмен қорғалатыны белгілі. Мәселен, мемлекеттік рәміздерге қатысты құқықбұзушылық анықталған жағдайда, кінәлі азаматтарға 3000 АЕК көлемінде айыппұл салынады, яғни 11 796 000 теңге көлемінде қаржылай жаза бар. Мұны кей азаматтар біле бермеуі мүмкін.

    Қылмыстық кодексте айыппұл түзеу жұмыстарына 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.

    Сондықтан, заң мен тәртіпті сақтай отырып, елдігіміздің басты белгілеріне құрметпен қарауға тиіспіз. 

    Одан бөлек, Атыраудағы оқиғада мемлекеттік рәміздерді қорлаумен қатар дін мәселесі де ұштасып тұр. Бұл өте нәзік әрі маңызды тақырып. Сондықтан қоғамның алаңдаушылығы орынды. 

    Біз рәміздерді тек мереке күндері ғана еске алмауымыз керек. Қай елде болсын, ұлттық рәміздер күнделікті өмірде, спорттық жарыстарда, мәдени іс-шараларда ерекше орын алады. Біз де осы жағын күшейтіп, жастар үшін рәміздерді құрметтеуді қалыпты дүниеге айналдыруымыз қажет.

    Өйткені рәміздер – жай ғана ту, елтаңба немесе әнұран емес, ол – халықтың рухы, мемлекеттің бет-бейнесі. Оларды құрметтемеу – өз елін, өз тарихын құрметтемеумен тең.

    - Өзіңіз басқарып отырған «Геральдикалық зерттеулер орталығы» мемлекеттік рәміздерді насихаттаудан бөлек, ведомстволық және өзге де наградаларды сараптаумен айналысады. Келесі сұрақ осы мәселеге қатысты. Өзіңізге мәлім, Мемлекет басшысы таяуда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда ведомстволық марапаттарды ретке келтіруді тапсырды. Мекемелік марапаттарды жүйлеуде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

    - Президент атап өткендей, мекемелік марапаттардың бірыңғай стандарты мен тізімін жасауда ортақ ұстаным керек. Себебі әр мекеменің өзіндік ерекшелігі, артықшылығы бар.

    Бүгінде министрліктерде мұндай марапаттардың саны әр келкі. Сондықтан оңтайландыруды қажет етеді.

    Қазіргі уақытта біздің орталық ведомстволық марапаттарды оңтайландыру мен жүйлеу үшін кешенді талдау жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс барысында біз әрбір мекеменің ерекшеліктерін, оның қызмет бағытын ескере отырып, талдау жасаймыз.Алда ол министрлік жанындағы ведомстволық наградалар бойынша комиссия жұмысында талқыланады.

    Комиссияның жұмысы кезінде марапаттардың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін оларды беру тәртібі мен талаптарын қайта қарау маңызды.

    Сонымен қатар, мекемелік марапаттардың бірыңғай стандарттарын жасау үшін мемлекеттік органдар арасында бірлескен жұмыс қажет.

    Жалпы мекемелік марапаттарды жүйлеу тек марапаттардың берілуін оңтайландырып қана қоймай, еліміздегі жалпы марапаттау жүйесін жетілдіруге де үлес қосады деген ойдамыз.

    - Одан бөлек, соңғы кезде көптеген үкіметтік емес ұйымдар тарапынан түрлі наградалар, орден-медальдар жиі беріледі.Сіздің ойыңызша, мұндай марапаттардың қоғамға әсері қандай? Бұған дейін ақылы марапаттарға қатысты сыни пікірлер де аз айтылған жоқ...

    - Иә, расында түрлі қоғамдық ұйымдардың оңды-солды марапат таратуы, орден-медаль үйлестіруі жиілеп кетті. Әсіресе, ақылы негіздегі марапаттарға қатысты күдік те, күмән де көп.

    Біріншіден, марапат өз саласының білікті мамандарына берілуге тиіс. Ал ақылы марапаттардың берілуі көп жағдайда марапаттың объективтілігіне күмән келтіріп, оның нақты еңбекті ескеруден гөрі белгілі бір ұйымдардың немесе тұлғалардың жеке мүддесін қанағаттандыру мақсатында қолданылуына жол ашады.

    Мұндай жағдайларда қоғамда марапаттың құндылығы мен мақсаты туралы сұрақтар туындайды.

    Бұған қоса, марапаттардың көп берілуі кейде олардың беделін төмендетіп, қоғамның марапаттар мен ордендерге деген сенімін азайтады.

    Білім министірлігі біраз уақыт бұрын ақылы конкурстарда берілетін марапаттар аттестаттау кезінде ескерілмейтінін айтты. Олардың дизайны да, аты да ресми бекітілген марапаттарға ұқсатып жасалғаны сөз болды.

    Әрине, ақылы байқаулардың артында ақша тұр. Ақша араласқан жерде әділдік туралы сөз қозғаудың өзі қиын.

    Жалпы, заңда сыртқы түрi мемлекеттiк наградаларға ұқсас ордендер мен медальдар жасауға тыйым салынатыны нақты жазылған. Яғни, ақылы марапаттардың ешқандай заңды күші жоқ, соны естен шығармау керек.

    Тіпті кейбір интернет платформаларда әртүрлі медальдар мен ордендер ашық сатылымға шыққан. Мұны реттеу керек деп ойлаймыз.

    - Сұхбатыңызға рахмет!

     

    user

    taulik

    taulik.kz - тәулік бойы ақпарат тарату алаңы