Соңғы екі жылда (2024–2025) жүргізілген аудиттер Қазақстандағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде терең әрі жүйелі мәселелер барын анық көрсетті. Үкімет тарапынан миллиардтаған теңге бөлінгенімен, фармацевтикалық саладағы нақты жетістіктер мардымсыз болып отыр.
Қазақстан дәрі-дәрмегі шетелге тәуелді нарық
2024 жылы Қазақстанның фармацевтикалық нарығы 1,2 триллион теңгеге жетті. Алайда осы көлемнің 84 пайызы шетелдік өнімдердің үлесінде. Бұл — еліміздің дәрі-дәрмек қауіпсіздігі тікелей сыртқы нарыққа тәуелді деген сөз.
Ғылым мен өндіріс арасында байланыс жоқ
2022–2024 жылдары медицина ғылымына 58 миллиард теңге бөлінген. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан іске асырылып жатқан жобалардан бейхабар. Бұл — нақты қажеттілік пен ғылыми зерттеудің арасында үйлесім жоқ екенін білдіреді.
Биомедициналық және клиникалық зерттеулердің реттеу жүйесі де әлсіз: тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі жасалмаған. Соның салдарынан ғылыми жұмыстардың тиімділігі өте төмен деңгейде қалып отыр.
Түпнұсқа дәрі жоқ, формуляр бос
Соңғы он жылда Қазақстанда тек екі түпнұсқа отандық дәрі тіркелген. Оның біріне 4 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалғанымен, Ұлттық дәрі-дәрмек формулярына енгізілмеген. Бұл мемлекеттік ресурстардың тиімсіз жұмсалғанын аңғартады.
Дәрі-дәрмекке мемлекеттік қолдау бар, бірақ нәтиже қайда?
2022–2024 жылдары фармацевтика саласына берілген преференциялар көлемі 148 миллиард теңгені құрады. Бірыңғай дистрибьютор отандық өнімді сатып алуға он жылға дейін кепілдік беретін келісімдер жасасып келеді. Соңғы бес жылда мұндай келісімдер аясындағы сатып алу көлемі 69-дан 112 миллиард теңгеге дейін өскен.
Дегенмен, отандық дәрі-дәрмек түрлерінің саны керісінше, 968-ден 507-ге дейін қысқарған. Демек, отандық компаниялар негізінен жеңіл медициналық бұйымдарға көшіп, күрделі дәрі өндірісі кенже қалуда.
200-ден астам отандық өндірушінің тек 34-і ғана ұзақ мерзімді шарттарға қол жеткізген. Бірақ олардың шартты орындауы жөніндегі бақылау мардымсыз.