Астанадағы халықаралық мектеп «өлі жандарға» 16 млн теңге аударған
Астанадағы №81 Astana English School халықаралық мектебінің бұрынғы директоры мен бас есепшісі ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі ресми хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Астана қаласы бойынша ҚМА департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп жүргізген тексеру нәтижесінде 900 миллион теңгеден астам қаржының заңсыз жолмен иемденілгені анықталған.
«Қаражаттың бір бөлігі ата-аналардан мектепалды сыныптар мен жазғы лагерьге төлем ретінде қолма-қол жиналған. Алайда бұл қаражат ресми есепшотқа түспей, жымқырылған», – делінген агенттік таратқан мәлімдемеде.
Сонымен қатар, тергеу барысында 16 миллион теңгеге жуық сома шын мәнінде жұмыс істемеген, яғни “өлі жандардың” атына аударылғаны белгілі болды. Бұл адамдардың арасында күдіктілердің туыстары да бар екені анықталған. Оларды жалған түрде жұмысқа орналастырып, жалақы алған болып көрінген.
Жымқырылған қаржыға күдіктілер құны 382 миллион теңге тұратын мүліктер – коттедж, Астанадағы екі пәтер мен көлік сатып алған. Қазіргі таңда аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.