Азербайжандық ағайындыларды ФСБ азаптап өлтірген бе?
Екатеринбургте 27 маусым күні өткен арнайы операция кезінде қаза тапқан Зияддин және Гусейн Сафаровтардың өліміне қатысты жаңа деректер Азербайжан қоғамын дүр сілкіндірді. Бакуде жүргізілген тәуелсіз медициналық сараптама қорытындысы екі ағайындының ауыр азаптауға ұшырағанын дәлелдеді.
Атап айтқанда, сараптама нәтижесінде ағайындылардың денесінде көптеген жарақаттар анықталған: біреуінің майысқан мұрын сүйегі, бет пен көз аймағында, сондай-ақ, бүйрек пен шат аймағында ірі гематомалар тіркелген. Сонымен қатар, қабырғалары түгелге жуық сынған, кеуде қуысы деформацияға ұшыраған. Бұл жарақаттардың барлығы өлімге алып келген — сарапшылардың пікірінше, ағайындылар посттравмалық және постгеморрагиялық шок салдарынан көз жұмған.
Алайда Ресей тарапы бұған басқа көзқараста: олардың мәліметінше, Зияддин Сафаровтың өліміне жүрек талмасы себеп болған, ал Гусейннің денесінде «нақтыланбаған жарақаттар» бар делінген. Мұндай түсініксіз мәлімдемелер Азербайжан қоғамында үлкен наразылық туғызып отыр.
Айта кетейік, Ресейдің тергеу комитеті Сафаровтарды кәсіпкерлердің өлімі мен жалған алкогольмен улану оқиғаларына қатысы бар деп күдіктеніп отыр. Арнайы операция кезінде Екатеринбургте тұратын бірнеше азамат ұсталып, жүзден астам азербайжандыққа қатысты тергеу шаралары жүргізілген болатын.
Бүгінде бұл іс Ресей мен Азербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға салмақ салып отыр. Бакудегі сарапшылар мен құқық қорғау ұйымдары бұл жағдайды этникалық сипаттағы қысым мен адам құқықтарын бұзу деп бағалап отыр.