logo
search
menu
Зангезур дәлізі Ресейдің бақылауында – Армения не істейді?
Фото: ашық дереккөз

Зангезур дәлізі Ресейдің бақылауында – Армения не істейді?

Оңтүстік Кавказды зерттеу орталығының басшысы, саясаттанушы Фархад Мамедовтың пікірінше, егер Армения аймақтағы көлік және инфрақұрылымдық коммуникацияларды ашуға қатысты ұсыныстар жасағысы келсе, алдымен Әзербайжан, Ресей және Армения вице-премьерлерінің қатысуымен құрылған үшжақты үкіметаралық комиссия құрамынан шығуы керек. Бұл туралы ол 1news.az порталына берген сұхбатында айтты.

Саясаттанушының мәлімдеуінше, бұл бастамалар Батыс елдерінің «өзара теңдік, егемендік және әділдік» қағидаттары негізінде іске асырылуы тиіс деген ұстанымымен сәйкес келеді. Алайда Баку үшін басты талап — Зангезур дәлізі арқылы Нахчыванмен кедергісіз байланысты қамтамасыз ету және осы жолдың халықаралық қауіпсіздік кепілдігімен қорғалуы.

Мамедовтың айтуынша, бұл талап 2020 жылдың 10 қарашасында Әзербайжан, Армения және Ресей басшылары қол қойған үшжақты мәлімдеменің 9-тармағында нақты көрсетілген. Онда Зангезур дәлізінің қауіпсіздігін Ресей тарапы қамтамасыз етеді делінген, әрі бұл шартқа Армения премьер-министрі сол кезде келісім берген.

Алайда саясаттанушы атап өткендей, соңғы бір жарым жылда Армения бұл комиссияның отырыстарына қатысуды тоқтатқан. Егер Ереван шынымен коммуникацияларды екіжақты форматта ашуға мүдделі болса, ол ең алдымен осы үшжақты комиссия құрамынан шығып, өзінің нақты ұстанымын көрсетуі керек.

Сонымен қатар Фархад Мамедов «Карнеги» қорында жарияланған және Арменияның Түркиямен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге ұмтылысын сипаттайтын мақала авторы Олеся Вартанянның сараптамалық деңгейін де сынға алды. Оның айтуынша, Вартанян — ғылыми дәрежеcі жоқ, бұл салада кәсіби білігі дәлелденбеген комментатор ғана.

Сарапшының сөзінше, қазіргі таңда Баку мен Ереван арасындағы келіссөздер негізінен екіжақты форматта жүргізілуде және бұл тараптарды қанағаттандырып отыр. Дегенмен бейбіт келісім әлі толық аяқталмағандықтан, коммуникацияларды ашу процесі логикалық тұрғыда кейінге қалдырылуы мүмкін. Бірақ егер Армения ұсыныстарында Зангезур жолының ашылуына қатысты Баку талаптарына сай келетін механизмдер ұсынса, бұл мәселе алға жылжуы ықтимал.

Айта кетейік, Карнеги қорында жарияланған мақалада Зангезур дәлізіне қатысты пікірлер де қамтылған. Онда Ереван 2020 жылғы келісімде Ресейдің бақылауы қарастырылғанына қарамастан, бүгінде осы жолға толық егемендігін талап етіп отырғаны жазылған. Ал Баку болса, бұл маршрутты осал деп бағалап, оған инвестиция салуға құлықсыз екенін жеткізген. Сондықтан Әзербайжан бұл жолдың қауіпсіздігін үшінші тараптың – халықаралық немесе америкалық кепілдік негізінде қамтамасыз етуді қолдайды.

Тағы оқыңыз: Екі жақ та дайын: Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келісім орнайды

Автордың пікірінше, ең жақын компромиске Еуроодақтың арағайындығымен қол жеткізуге болар еді, алайда 2023 жылғы Қарабақтағы антитеррористік операция бұл үдерісті тоқтатып тастады. Қазіргі таңда жалғыз нақты араласушы тарап ретінде АҚШ-тың рөлі күшейіп келеді. Вартанянның мәліметінше, Вашингтон Арменияны өз моделіне көндіруге тырысуы мүмкін, бұл шекаралардың ресми түрде жабық күйінде қалуына қарамастан, логистика мен қауіпсіздік мәселелерін шешуге жол ашуы ықтимал.

Мамедовтың айтуынша, барлық тараптарға тиімді шешім — коммуникацияны халықаралық кепілдікпен ашу және бұл үдерісті бейбіт келісім аясында рәсімдеу. Бірақ оған дейін нақты саяси ерік пен келіссөздер арқылы түсіністікке келу керек.