Ұлыбританияда жетістікке жетсе де Қазақстанға қайта оралған Айдардың оқиғасы
Айдар Почанов – 29 жаста. Ол Алматыда туып-өскен, бірақ 17 жасында арман қуып, Ұлыбританияға аттанған. Он жыл Лондонда өмір сүріп, IT-инженер болып қалыптасқан Айдар екі жыл бұрын Қазақстанға оралды.
Digital Business Айдармен сұхбат құрып, оның шетелге қалай кеткенін, жаңа елге бейімделудегі қиындықтарын, британдық компаниялардағы жұмыс ерекшеліктері мен отанға оралу себептері туралы әңгімелесті. Біз сіздерге аталған сұхбаттың қысқаша қазақ тіліндегі нұсқасын ұсынып отырмыз.
«Мақсат – Стэмфорд Бриджді көру»
Айдар 2013 жылы, 17 жасында Ұлыбританияға кетеді. Себебі – бала кезден футболға қызығып, сүйікті клубы «Челси» ойнайтын атақты Стэмфорд Бридж стадионын көру арманы болған. Алматыдағы 165-лицейде оқыған, бірақ білімге аса көңіл бөлмеген. Ата-анасы оны ынталандыру үшін шарт қойыпты: мектеп емтихандарынан үздік баға алса, жазда Лондонға үш айлық курсқа барады. Айдар өз сөзінде:
– «Алгебра, геометрия, физика, орыс және қазақ тілінен бес алып, арманыма бір қадам жақындадым», – дейді.
Алайда агенттік үш ай емес, ұзақ мерзімді оқу ұсынған соң, ол Англияның орталығындағы Лемингтон-Спа қаласындағы Warwickshire College-ге түседі. Мұнда Further Education мен A-level бағдарламалары қатар жүріп жатты.
«Кембридж шақырды, бірақ бас тарттым»
Алғашында ағылшын тілінде қиындықтар көп болған: IELTS тек 5.0 балл, жергілікті диалекті түсінбеген. Ақшалай қолдауды алғашында аты-жөні аталмаған меценат, кейін өзі жатақханада жұмыс істей жүріп жеңіп шыққан. Колледжде математика, физика, химияны оқып, соңында Imperial College London-ға қабылданады.
– «Кембриджден де шақырту алған едім, бірақ қаласы ұнамады және химиядан қажетті баға ала алмадым», – дейді Айдар.
Оқу құны – жылына 23 мың фунт стерлинг. Қаржылай көмек берген жақын жандарға алғысын ерекше атап өтті.
«Тегін пицца үшін ивентке баратынмын»
Лондон – қымбат қала. Айдардың ай сайынғы бюджеті 200 фунтты ғана құраған. Сондықтан түрлі іс-шараларға тек тегін пицца жеу үшін баратын. Екінші курстан кейін Bank of America-да ақылы тағылымдамадан өтіп, үшінші курста пәтерақыны өзі жапқан.
– «Стажировканың арқасында финалдық сұхбатқа бірден өтіп, компанияға қабылдандым», – дейді ол.
«Ең жайлы кезең – корпорациядағы жұмыс»
2018 жылдан бастап Bank of America-да 3,5 жыл жұмыс істеп, Remote Risk командасының мүшесі болады. Алғашқы бонусын (15 мың фунт) алған бойда оқу үшін алған қарызын қайтара бастайды.
– «Ол – ең жайлы, қаржылай тұрақты кезең болды», – дейді Айдар.
Кейін жаңа сынақ үшін киберқауіпсіздік саласындағы Tessian стартапына ауысады. Мұнда B2B SaaS өнімін жасап, Security Analysts үшін елеулі шешімдер әзірлеген.
2023 жылы екі айға Алматыға келіп, отбасын, туған жерін қатты сағынғанын түсінеді. Осы кезде ата-анасының денсаулығы да басты фактор болған.
– «Қазақстанда өзімді жат сезіндім, себебі 10 жыл болмадым. Бірақ Лондонда да ешқашан британдық болып кетпейтінімді білдім», – дейді ол.
Қайта оралған соң, туған ауласына барып, балалық шақпен байланыс орнатуға тырысқан.
Қазір Айдар британдық Compass Labs крипто-стартабында қашықтан жұмыс істейді. Компания Andressen Horowitz қорынан инвестиция алған. Командамен өнім стратегиясын жаңартып, үлкен қызығушылыққа ие болған.
– «Кешкі қоңыраулар, демалыста жұмыс істеу – мен бұған дайын болдым. Бұл менің жауапкершілігім, өсу жолым», – дейді Айдар.
«Алматы – стартаптар үшін келешегі зор қала болуы мүмкін»
Алдағы жоспарлар қатарында – шетелдік стартаптарды Қазақстанға тарту идеясы бар.
– «Алматы – табиғаты ерекше, коворкингтері бар, бағасы да тартымды. Тек ұшақ бағасы қолбайлау», – дейді ол.
– «Қазір Алматыда тұрып жатқаным үшін өкінбеймін. Қайта кетем бе – белгісіз. Бірақ Алматы әрдайым жүрегімде. Дәл қазір осы жерде болғым келеді», – дейді Айдар.