logo
search
menu
Екі баланың анасын 16 жастағы жігіт зорлап, пышақтап өлтірген
Фото: Orda.kz сайтынан алынды.

Екі баланың анасын 16 жастағы жігіт зорлап, пышақтап өлтірген

Шымкентте 26 жастағы Диана Оңғарбаеваны туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Екі баланың анасы азаппен қаза тапқан. Orda.kz хабарлауынша, оны 16 жастағы жасөспірім зорлап, кейін 24 жерінен пышақтап өлтірген. Күдікті қолға түсті, тергеу жүріп жатыр.

Марқұмның денесі қала көшелерінің бірінде, қоқыс жинаушылардың көзіне түсіп, табылған. Туыстарының айтуынша, қыз он күн бойы із-түзсіз кеткен. Оның мәйітін бірінші болып полицейлер емес, көшені тазалаушылар тапқан.

Марқұмның әпкесі Әлия Ақбарованың айтуынша, Диананың кеңірдегін кесіп, оған шүберек тығып, пышақпен қорлық көрсеткен:

"24 жерінен пышақтап, ойыншық сияқты денесіне пышақ тығып отырған. Қапқа салып, скотчпен орап тастаған. Құрт жеп, мүрдесі танылмай қалды", — дейді әпкесі.

Диананың сіңлісі Айдана Оңғарбаева болған жайтты былай сипаттайды:

"Ол күндік жұмысқа — үй жинауға шақырылған. Жігіт оның еңбекақысын "анам салып береді" деп алдаған. Ақшасын сұраған кезде қызды жібермей, пышақтап тастаған. Диана анасына өз телефонымен қоңырау шалып үлгерген, бірақ сол сәтте шабуыл жасалған."

Туыстарының ашуын туғызған тағы бір жайт — полицияның әрекетсіздігі. Қыз 21 шілдеде жоғалғанымен, іздеу шаралары тек бір аптадан кейін басталған.

Марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева былай дейді:

"21-нен 28-іне дейін полициядан ешқандай нәтиже болмады. Арызымызды да тіркемеген. Тек 28-і күні жазып алды. Өзіміз іздеп, өзіміз тауып, күдіктіні де өз қолымызбен полицияға тапсырдық."

Orda.kz мәліметінше, жасөспірім қылмысты жалғыз істемеген болуы мүмкін. Себебі марқұмның ұялы телефонын екі адам сатып жібермек болған.

Қазір кәмелетке толмаған күдікті қамауға алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің "Адам өлтіру" бабы бойынша тергелуде. Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, тергеу барысында оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Марқұмның артында 2 және 4 жастағы екі қызы мен күйеуі қалды. Ерлі-зайыптылар ауылдан Шымкентке күнкөріс қамымен келген екен. Туыстары бұл ауыр қылмысқа тағы үш адамның қатысы бар деп күдіктенеді.