Назарбаевтың немересі адам санасын оятатын жоба ұсынды
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұралы Әлиев жаңа рухани жоба ұсынды. Spark of Light деп аталатын бастама өзін «адам санасын оятуға және толық трансформацияға жетелеуге арналған платформа» ретінде таныстырады. Жобаның ресми сайтында оның басты миссиясы – адамдарды тыныштыққа, ішкі үйлесімге және «әмбебап санаға» жақындату деп көрсетілген.
Сайттағы мазмұнға сүйенсек, Spark of Light адамның үш негізгі деңгейімен жұмыс істеуді мақсат етеді: дене, жан және сана. Жоба авторларының пайымдауынша, адам – жай ғана биологиялық жаратылыс емес, «рухани болмысын сезіну арқылы жоғары деңгейге көтеріле алатын тіршілік иесі». Осы тұжырымдаманы негізге ала отырып, платформа өзін «жаһандық рухани ояну үдерісінің бір бөлігі» ретінде ұсынады.
Жоба аясында түрлі кездесулер мен жиындар өткізу жоспарланған. Олар «ең жоғары әлеуетіңізді оятуға», «саналы жандардың жаһандық қауымдастығымен байланыс орнатуға» бағытталған деп сипатталады. Алайда сайтта бұл кездесулердің нақты қай жерде өтетіні, форматы қандай болатыны немесе қатысу шарттары ашық көрсетілмеген. Тек байланыс деректерін қалдыру арқылы кейінірек ақпарат алуға болатыны жазылған.
Spark of Light философиясы діни немесе дәстүрлі рухани ілімдерге тікелей сүйенбейді, бірақ «Құдай санасы», «махаббат – Жаратушының жиілігі» секілді ұғымдарды жиі қолданады. Мұнда рухани даму жеке адамның ішкі оянуымен, өзін тануымен және сананың кеңеюімен байланыстырылған. Жоба өзін белгілі бір ағым немесе культ ретінде емес, «рухани ізденістегі адамдарға арналған кеңістік» ретінде көрсетуге тырысады.
Қоғамда бұл бастамаға қатысты сұрақтар да жоқ емес. Сарапшылар мен желі қолданушылары жобаның мазмұнына, нақты мақсаттарына және коммерциялық не идеологиялық астарына назар аударуда. Әсіресе, жобаны ұсынған тұлғаның тегі мен әлеуметтік салмағы қоғамдық қызығушылықты одан әрі арттырып отыр.