Мачадо ақыры Нобелін АҚШ президенті Трампқа берді
Венесуэладағы оппозициялық қозғалыстың жетекшісі Мария Корина Мачадо АҚШ президенті Дональд Трампқа Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін табыс етті. Алайда ол америкалық лидердің бұл марапатты ресми түрде қабылдаған-қабылдамағанын нақтыламады. Айта кетейік, Трамп бұған дейін бірнеше рет Нобель сыйлығын алуға ниетті екенін ашық айтқан.
Мачадо бұл оқиғаны венесуэлалықтар үшін ерекше тарихи сәт деп атады.
«Меніңше, бүгін — біз, венесуэлалықтар үшін тарихи күн», — деді ол Дональд Трамппен алғашқы жеке кездесуінен кейін.
Бұл кездесу Венесуэладағы билік дағдарысы жаңа кезеңге өткен тұста өтті. Бұған дейін АҚШ арнайы жасағы Каракаста ел президенті Николас Мадуроны қолға түсірген еді. Осыдан кейін Трамп оппозицияның жеңіс жариялағанына қарамастан, *Мария Корина Мачадоны елдің жаңа басшысы ретінде қолдаудан бас тартты. Оппозициялық қозғалыс 2024 жылғы сайлауда жеңіске жеткенін мәлімдеген болатын.
АҚШ президенті қазіргі таңда Венесуэлада өзін уақытша мемлекет басшысы ретінде таныстырып отырған Делси Родригес* пен байланыс орнатқан. Родригес бұған дейін Мадуро үкіметінде вице-президент қызметін атқарған.
*Делси Элоина Родригес Гомес (Delcy Eloína Rodríguez Gómez) — Венесуэланың саясаткері, заңгері және 2026 жылдың қаңтарынан бері Венесуэланың уақытша президенті. Бұған дейін Николас Мадуро үкіметінде атқарушы вице-президент және мұнай министрі қызметтерін атқарған. Ол боливарлық режимнің ең ықпалды тұлғаларының бірі ретінде танылған және Уго Чавестің идеяларын көптен бері қолдап келе жатқан саяси қайраткер.
*Мария Корина Мачадо (María Corina Machado; 7 қазан 1967, Каракас) — венесуэлалық саяси қайраткер, оппозиция жетекшісі және Vente Venezuela қозғалысының негізін қалаушысы. Ол 2025 жылы Нобель мир сыйлығының лауреаты атанды — бұл сыйлық оған диктатурадан демократияға бейбіт өтуді көздейтін күресі мен Венесуэладағы демократиялық құқықтарды насихаттаудағы табанды еңбегі үшін берілді.