АҚШ Қытайды ығыстыруға бағытталған науқанды бастап кетті
АҚШ Батыс жартышарда Ресейдің басты серіктесі – Қытайды ығыстыруға бағытталған ауқымды науқанды бастап кетті. Осы мақсатта АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны аннексиялау идеясын күн тәртібіне шығарған. 15 қаңтарда НАТО елдерінің алғашқы әскери бөлімшелері аралға келіп үлгерді. Бұл туралы URA.RU басылымына берген сұхбатында Ресей Ғылым академиясы Орал бөлімшесіне қарасты академик Н.П. Лавёров атындағы Арктиканы кешенді зерттеу жөніндегі федералды ғылыми орталықтың (ФИЦКИА) директор орынбасары Андрей Подоплёкин мәлімдеді.
Оның айтуынша, Трампты Қытайдың Гренландиямен пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі тиімді келісімшарттары, сондай-ақ онда ғылыми-зерттеу орталықтарын салу туралы келіссөздері қатты алаңдатады.
Колонияларды қайта бөлу
– Гренландияны аннексиялауға Трамп Ресей мен Қытайдың «талабы бар» деген уәжді негіз етіп отыр. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитттің айтуынша, АҚШ президентінің түйсігі дәл осыған саяды. Ресей тарапынан да бұл мәселеге пікір айтылды. Мәселен, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Ресейдің Гренландияны «тартып алу» ниеті жоқ екенін айта отырып, егер АҚШ басшысы үлгермесе, арал референдум арқылы РФ құрамына өтуі мүмкін екенін әзіл-шыны аралас жеткізді. Трамп мұнымен нені жасырып отыр?
– Меніңше, АҚШ президенті осылайша Қытайдың Гренландияға дендеп енуінің алдын алмақ. Қытайдың бұл аймақта, әсіресе сирек кездесетін металдарға қатысты мүддесі бар екені белгілі. 2009 жылы қытайлық компаниялар мұнда мыс өндіруге лицензия алған, кейін темір рудасына да рұқсат иеленді. Бұған қоса, ҚХР Гренландияда ғылыми орталықтар мен транзиттік базалар салу жоспарын да ашық айтқан. Бұл Трампқа ұнамайтыны анық. Оның Батыс жартышарға толық саяси бақылау орнату туралы ашық мәлімдемелері де осы логикаға сай келеді.
Арктикадағы Ресейдің артықшылығы
– Арктикадағы Ресейдің жетістіктеріне әлемнің барлық ірі державалары, соның ішінде Арктикалық кеңеске мүше елдер де қызыға қарайды. Бұл таңғалатын жағдай емес: атомдық мұзжарғыштары бар бірегей арктикалық флот, Солтүстік теңіз жолы, ірі пайдалы қазба кен орындары – мұның бәрі Ресейге қандай стратегиялық басымдық береді?
– Тарихи тұрғыда қазіргі ұлттардың ішінде Арктика аумағына алғаш қадам басқан – Ресей. Экстремалды климат жағдайында инфрақұрылым, соның ішінде көлік жүйесін қалыптастыру тәжірибесі бізден басқа ешбір елде жоқ. Мысалы, Норвегияның солтүстігін де Арктика деуге болады, бірақ ол жақта Мурманск немесе Архангельск облыстарындағыдай халық тығыздығы жоқ. Қалаларды энергиямен қамтамасыз ету, тіршілікті ұстап тұру технологиялары біздегідей дамымаған. Атомдық мұзжарғыш флоты да, Солтүстік теңіз жолы да жоқ. Ал СТЖ – біздің Транссібір мен БАМ-ның теңіздегі баламасы. Мұның бәрі Ресейге пайдалы қазбаларды рентабельді әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз игеруге жол ашты.
Арктика – биологиялық ресурстарға да бай аймақ. Ол елді ақуызға бай балықпен қамтамасыз етеді. Сондықтан Ресей мен Норвегияның Шпицберген маңындағы балық шаруашылығы бойынша келіспеушілігі бекер емес. Бұл – әлемдегі ең ірі треска «жайылымы».
АҚШ үшін басты қарсылас – Қытай
– АҚШ-тың Арктикаға қатысты агрессивті саясатының басты себебі – Ресей ме?
– Жоқ. Бұл – Ресейге емес, Қытайға қарсы бағытталған бәсеке. Арктика жағалауында орналасқан елдер, соның ішінде Ресей мен АҚШ, бұл аймақ сол мемлекеттердің жауапкершілік аймағы деген ұстанымда. Ал Қытай ресми құжаттарында Арктиканы «адамзаттың ортақ мұрасы» деп атайды. Себебі Қытайға ресурстар да, логистикалық жолдар да қажет. АҚШ-тың мақсаты – осы аймақтан Қытайды ығыстыру. Канада мен Дания Қытаймен тиімді бәсекелесе алмайды, ал Ресей бұл тұрғыда АҚШ-пен қақтығысып отырған жоқ.
Суық аймақтағы қақтығыс қаупі
– Арктика қарулы қақтығыс аймағына айналуы мүмкін бе?
– Мен АҚШ-пен Арктикада тікелей әскери қақтығыс болады деп сенбеймін. АҚШ ядролық және стратегиялық тепе-теңдіктің маңызын жақсы түсінеді. Егер қақтығыс болса, ол жақын онжылдықтарда емес. Еуропамен текетірес ықтималдығы жоғарырақ. Бірақ НАТО-ның АҚШ-сыз Ресейге қарсы соғысқа баруы екіталай. Арктикадағы аумақтық ауқым мен Ресей Қарулы күштері мен Әскери-теңіз флотының мүмкіндігі мұндай сценарийді жоққа шығарады.