Иранда қаза болғандар саны 30 мыңға жеткен болуы мүмкін
2026 жылғы қаңтардың 8-9 күндері Иранда болған жаппай наразылықтар кезінде 30 мыңға дейін адам қаза тапқан болуы мүмкін. Бұл туралы Time журналы жариялаған зерттеуінде Иран Денсаулық сақтау министрлігінің екі қызметкеріне сілтеме жасап хабарлады. Олардың айтуынша, қаза тапқандар саны билік құрылымдарының мәйіттерді тасымалдау мүмкіндігінен асып түскен: мәйітқаптар жетіспеген, ал жедел жәрдем көліктерінің орнына жүк көліктері пайдаланылған.
Алайда, Тегерандағы аятоллалар режимі жариялаған ресми дерек мүлде басқа: 21 қаңтарда Иран билігі 3117 адамның қайтыс болғанын ғана мойындады. Бейтарап құқық қорғаушылар да бұдан төмен сандарды ұсынады: АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency ұйымы 5459 адамның өлімін растаған, ал тағы 17 мыңнан астам жағдай тексеріліп жатыр.
Time басылымы жариялаған 30 мыңға жуық құрбан туралы мәлімет дәрігерлер мен құтқарушылар әзірлеген ішкі статистикаға сәйкес келеді. Бұл құжаттар басылымның қолына түскен.
Германияда тұратын ирандық көз дәрігері Амир Параста сараптаған деректерге сәйкес, қаза тапқандар саны – 30 304 адам. Бұл статистикаға әскери госпитальдер мен жабық моргтерге жеткізілген мәйіттер енбеген.
Куәгерлердің айтуынша, наразылық білдірушілерге төбеден және ірі калибрлі қарудан оқ атылған. Сонымен қатар, Иранда интернет толықтай ажыратылып, репрессияның нақты ауқымын анықтау қиын болып отыр.