Алматы тұрғынына сталкинг үшін үкім шықты
Алматыда қала тұрғынына жәбірленушіні алты ай бойы жүйелі түрде аңдып, психологиялық қысым көрсеткені үшін сот үкімі шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, ер адам жәбірленушінің онымен қарым-қатынас орнатқысы келмейтінін біле тұра, оны тұрғылықты және жұмыс орны бойынша аңдып, келісімінсіз бейнежазбаға түсіріп отырған. Ол мессенджерлерде бұғаттау, байланысқа шықпау туралы бірнеше рет ескертілген талаптарды, сондай-ақ қолданыстағы қорғау нұсқамасын елемеген.
Мемлекеттік айыптаушы жәбірленушінің жеке өмірінің, бостандығы мен қауіпсіздігінің бұзылғанындәлелдейтін толық әрі нақты айғақтар ұсынды. Сот кінәлі деп танып, ер адамды 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту және моральдық зиянды өтеу жөнінде үкім шығарды.
Алайда сот үкімі тек қоғамдық жұмыстармен шектелмеді. Белгілі болғандай, сотталушы бұған дейін бостандығын шектеу жазасын өтеп жүрген кезде шарттарын бұзған. Осыған байланысты бұрын өтелмеген жаза бөлігі нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Қылмыстық жауапкершілік қандай?
Прокуратура таратқан ақпаратқа сәйкес, заңсыз қудалау (сталкинг) үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.